Жылжымайтын мүліктің біріңғай мемлекеттік кадастры жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылжымайтын мүліктің біріңғай мемлекеттік кадастры жасалады

16.06.2023

Жылжымайтын мүліктің біріңғай мемлекеттік кадастры жасалады. Аталған ақпараттық жүйе 1 шілдеден бастап қолданысқа беріледі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Әсет Тұрысов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір бірнеше мемлекеттік органның қарамағындағы шашыраңқы деректер базасы бірігіп, сәйкестендіріліп жатыр. Нәтижесінде 88 қаланың цифрлық картасы Электронды үкімет порталына жүктеледі. Онда барлық жер учаскесінің нысаналы мақсаты, иесі бар-жоғы туралы ақпарат болады. Яғни, кез-келген азамат қаланың бас жоспарына енгізілген өзгерістер мен бос жерлер туралы біле алады.

Ғалым Қарқынбаев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

Жариялық картада оның бәрі шығып тұрады. Егер дұрыс ақпарат берілмей, ертеңгі күні бүлік шығатын болса, бұл жерде әрбір мемлекеттік органның немесе қызмет көрсетіп отырған кәсіпорынның жеке басты өзінің жауапкершілігі енеді. Бұрын өзіңіз білесіз, қоғамдық жауапкершілік деген болатын. Кім неге жауап беретінін білмейміз.

Жаңа ережеге сәйкес, цифрлық картадан бос тұрған жерді көрген азамат сатып алу үшін аукцион ұйымдастыруға өтінім бере алады. Бұрын бұл тек әкімдіктің құзіретінде болғандықтан кәсіпкер бәссауда жариялануын күтуге мәжбүр болатын.


Серік Селеубайұлы

Хабарламаларға жазылу