Құрылтайдың басты миссиясы да сол: ұлттық мәселелерді, маңызды шешімдерді қабылдау, - деді Президент. Биыл «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретіне - 300 жыл. «Елім-ай» деп, ащы зарды айтқызған Жоңғар шапқыншылығынан соң ес жию үшін 1726 жылы үш жүздің өкілдері Ордабасыда бас қосқан еді. Түркістанның дәл іргесінде өткен құрылтайдың 300 жылдан соң сол өңірде ұйымдастырылуы да содан болар. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин телеграмда «Президент еліміздің жаңа идеологиялық стратегиясын іске асырудың нақты қадамдарын ұсынды», - деді. Ол екінші құрылтайда айтылған негізгі месседждерге тоқталған. Олар: ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды одан әрі дамыту, еңбек пен білім культі, құқық пен тәртіп.
Адамгершілік пен жауапкершілік секілді құндылықтарды алға тарту. «Жалпы алғанда, біз Президент реформаларының үш бағыттағы үйлесімділігін көріп отырмыз: саясат, экономика, идеология», - деді Қарин. Құрылтайдағы президент баяндамасынан мына цитатаны да келтіргім келеді: «Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр. Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен, біздің береке-бірлігімізді сынға салады. Осындай күрделі сәттер, ең бастысы – шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік таныту қажет екенін айқын көрсетеді. Мұны өздеріңіз өте жақсы түсініп отырсыздар».