Алматы облысында ерекше балаларға арналған спорт лагері жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында ерекше балаларға арналған спорт лагері жұмыс істейді

19.06.2023

Ерекше күтімді қажет ететін 200-ден астам бала жаз бойы тегін спорттық үйірмелерге қатысады. Олар үшін арнайы лагерь жұмыс істемек. Жобаның ерекшелігі мүгедектігі бар балғындар сауықтыру орталығында ата-аналарымен болады.

Лагерьге шақырту алғандардың бірі – Балжан Ибадуллаева. Оның қызы Айкөркем «Микроцефалия» сырқатымен туған. Яғни, дүние есігін ашқан сәттен бастап бас сүйегі дұрыс дамымаған. Сондықтан оған түрлі спорттық және интелектуалдық жаттығулар жасау керек. Ал жаңадан ашылып отырған тегін лагерьде аталған бағыттағы үйірмелердің алуан түрі бар.

Балжан Ибадуллаева, Түркістан облысының тұрғыны:

Бассейн болады. Біздің балаларға керек нәрсе бассейн маған ұнады және көлдің жағасында демалу. Балалардың дамуына, яғни, олардың басқа ортаны көруіне қолайлы деп ойлаймын.

Спорттық лагерьдің бірінші маусымына еліміздің түкпір-түкпірінен 50 бала мен олардың ата-анасы жиналған. 10-17 жас аралығында ұл-қыздардың бәрінің дамуында кедергісі бар. Сондықтан олармен білікті мамандар, психологтар жұмыс істейді. Игі жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан бірыңғай қайырымдылық операторы - «SAMRUK-KAZYNA TRUST» қоры қаржыландырып отыр.

Альфия Адиева, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бас директоры:

50 балаға әр күн өзінің бағдарламасы бар. Олар шахмат, теннис ойнап үйренеді, күнделікті жаттығуды жасап үйренеді. Логопедпен жұмыс істейді. Сонымен қатар - садақ ату. Яғни , әртүрлі дене іс-қимылына қажетті жаттығуларды өткізеді.

Спорттық лагерь 4 кезең бойынша жаз соңына дейін 200-ден астам бала мен олардың ата-анасын қабылдауды жоспарлап отыр. Әр маусым 5 күнге созылады. Айта кету керек, «Самұрық-Қазына» қоры былтыр 50 мың балаға түрлі бағыт бойынша көмек берген. Биыл Қордың құрылғанына 15 жыл, соған орай да біршама қайырымдылық шарасы қолға алынады.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу