Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасының жағасында туризмді дамытуға барлық мүмкіндік бар. Ол үшін жыл басында ауқымды жоба жасалған. Жағажайлар реттеліп, заман талабына сай арбат салынуы тиіс болатын. Алайда бұл жұмыстар әлі әлі басталған жоқ. Есесіне жағжайды қоқыс басып барады.
Жаз шыға Өскемен қаласы мен оған жақын ауданның тұрғындары Бұқтырма су қоймасының жағасына ағылады. Өйткені Алакөлге жетудің азабын жұрт жақсы біледі. Сондықтан облыс басшылығы биылдан бастап Бұқтырманың бойындағы туризмді түлету үшін бірнеше бағытта жоба-жоспар жасаған. Бірақ нақты жұмыс қашан басталатынын ешкім білмейді.
Наталья Конева, Жаңа Бұқтырма кентінің тұрғыны:
Әзірше ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Негізі жағажай жөнделіп, абаттандырылады. «Жаңа арбат салынады» деген. Бірақ маусым айының ортасы болса да ешқандай жұмыс басталған жоқ.
Қазір жұмыс істеп тұрған нысан иелері жағажайдағы қоқыс мәселесі жылдар бойы реттелмей келе жатқанына алаңдаулы.
Елена Сизикова, кәсіпкер:
Жыл санап жағажай ластанып барады. Қоқыс шығаратын ешбір компаниямен келісім жасалмаған. Жаңа Бұқтырма кенті бізге қызмет көрсетпейді. Сондықтан жеке көлікпен таситындарға жалынамыз.
Кенттің ішіндегі инфроқұрылым да жылдар бойы жөнделмей сол күйі жатыр. Халық есік-терезесі жоқ үңірейген үйлер мен шұрық-тесік жол және шаңы шыққан ауланың жөнделгенін күтіп жүр.
Елена Пантелеева, Жаңа Бұқтырма кентінің тұрғыны:
Бұқтырма кентіндегі ішкі жолдар бірде-бір рет жөнделген жоқ. Кейде туристерден өзіміз ұяламыз. Біз үшін жағажаймен қоса ауылдың ішін де реттеу керек.
Ауылдың іші мен инфроқұрылымды реттеу үшін биыл облыс қазынасынан 1,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражатқа абаттандыру жұмыстары істелмек. Алайда жергілікті әкімдік үшін ең басты мәселе — жағажайдағы демалыс нысандарын тіркеу .
Мұрат Мұхамеджанов, Жаңа Бұқтырма кентінің әкімі:
Қазіргі кезде бізде тіркелген тек қана 90 демалыс базасы бар. Бірақ жағаның бәрі демалыс базасы. Соның бәрін реттеп, барлығын бірдей тіркесек қала салық жоғарлайды.
Мамандардың айтуынша, салық түсімін жоғарлату үшін кәсіпкерлердің нысанын кенттің өзіне тіркеу қажет. Қазір 4,5 мың тұрғыннан жылына 39 миллион теңге салық жиналады. Ал Бұқтырма су қоймасының жағасында қанша демалыс нысаны бар екенін ешкім нақты айта алмайды.
Олжас Керейхан