Сенсациялық жеңіс! Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Солтүстік Ирландияны 1:0 есебімен жеңді. Магомед Адиевтің шәкірттері матчтан кейін «Н» тобындағы орнын тағы бір сатыға көтерді. Іріктеу турындағы төртінші матч. Қазақстан Сан Мариноны жеңіп үш күннен кейін Солтүстік Ирландияға қарсы ойнады. Футболшылар гол соғуға барынша тырысқанымен, қақпаны дәл көздей алмады. Қазақстандық спортшылар сапынан Максим Самородов өз мүмкіндігін құр жіберіп алды. Есепті ашатын мұндай сәттер Солтүстік Ирландия құрамасында да болды. Матчтың «тағдырын» Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетовтің 88-минутта соққан голы шешіп кетті. Ол қарсылас команданың екі қорғаушысын алдап өтіп, қақпашыдан айласын асырды. Осылайша, Ұлттық құрама 26 жылда алғаш рет қатарынан үш кездесуде жеңіске жетті. Жігіттер бүгін елге оралды. Оларды елорда әуежайынан жанкүйерлері мен жақындары күтіп алды. Матчта жалғыз гол салған Абат Айымбетов жеңісті Абай облысына арнадық, дейді.
Абат Айымбетов, Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының ойыншысы:
Қарай бергің келеді гол салған кезді. Ол сол сәтте тез ойланатын нәрсе. Бірақ қайталаудан қарағанда өте керемет, әсерлі гол болыпты. Қуаныштымын! Ұпай алып әрі қарай өтіп жатсақ таңғалмасқа болады.
Магомед Адиев, Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының ойыншысы:
Иә, мен матч алдында Абатты әдейі қайрадым. Ойын көрсетті, нәтижеге қол жеткізе алды. Жалпы, ойынға келсек бірінші таймда допқа бақылау жасай алмады жігіттер. 30-ншы минутқа дейін қиын болды.
Жерлестеріміз Қазақстанның футбол тарихында бірінші рет Солтүстік Ирландияны жеңді. 4 ойыннан кейін 9 ұпай жинап, турнир тізімінің 2-ші сатысына жайғасты. Топ басында Финляндия. Ұпай көрсеткіші жағынан біздің командамен бірдей. Ұлттық құрама келесі ойынды 7 қыркүйекте Финляндиямен өткізеді.
Асылбек Данияр