23 млрд теңге қаржылық бұзушылық. 37 млрд теңге бюджет тиімсіз игерілген. 117 млрд теңге шығын. Жылу орталықтарының құжатын тексерген жоғары аудиторлық палата осындай кемшіліктерді анықтады. Бірнеше қала тұрғындары қыс бойы дірдектеп жүргенде лауазымды тұлғалар ақшаны осылайша оңды-солды шашқан көрінеді. Бүгін Мәжілісте жылу мәселесі қызу талқыланды. Тозған құбыр, мұз қатқан үй, бүрсеңдеген жұрт. Бұл Екібастұз, Риддер және Рудныйдың қыстағы көрінісі. Төтенше жағдайды жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Осыдан кейін кешенді тексеріс басталды. Жоғары аудиторлық палата бірталай былықты әшкере қылды. Мәселен құрылысына миллиардтаған қаржы бөлінген жылу орталықтары тек қағаз жүзінде ғана пайдалануға берілген.
Наталья Годунова, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы:
Арқалық қаласында тапсырыс беруші Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі толық дайын болмаса да, жалпы сомасы 7,4 млрд теңге болатын екі жобаны қабылдаған. Оның бірі «Арқалық қаласын 2030 жылға дейін жылумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау» жобасы болса, екіншісі - қуаты 2,5 МВт нөмірі 2-ші станцияның турбоагрегатын ауыстыру.
Тағы бір мәселе жылыту маусымы алдында мекемелер еш тексерістен өтпеген. 500 ден астам кәсіпорын арнайы құжатты алмаған. Тіпті өтінім де бермеген.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Барлық мәселе осы паспорттың жоғынан басталады немесе формальді берілгеннен басталады. Біз білеміз ғой. Не паспортты келісіп бере салады, артынан проблеманы көріп жатырмыз немесе мүлдем өтінім бермейді, паспорт та жоқ. Сондықтан еліміз бойынша қаншама кәсіпорында осындай проблема бар. Сондықтан біздің тиісті комитет осыны бақылауға алуы керек.
Бас қалада да мәселе өзекті. Астанадағы үшінші жылу орталығының салынып жатқанына 14 жыл. Құрылыс құны алғашқыдан 122 млрд теңгеге өскен. Бірақ нақты қашан бітетіні белгісіз. Судан тарығып, түтінге тұншыққан елорда енді қыстыгүні жылусыз қалмай ма?
Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жылы жақтан көшіп келдік. Биыл қыс қатты болады деген жорамал бар. Биылғы қыста Астана халқымен бірге қатып қалмаймыз ба? Осыншама миллиардтарға кім жауап береді? Ол неге бөліне береді.
Ал энергетика министрі бірде бір өңірге барып, жағдаймен таныспаған болып шықты.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Президент барады, депутаттар барады. Бірақ энергетика министрі не Екібастұзда, не Риддерде, не Теміртауда, не Кентауда, не Арқалықта, тіпті Астанадағы ЖЭО-3-те болмаған. Сонда бұл қалай жұмыс істейді? Энергетика саласы ол кабинетте отырып жұмыс істейтін дүние емес. Оны барып, ұстап, көріп қана реттейтін мәселе.
Министр Алмасадам Сәтқалиев арнайы жұмыс кестесі бар екенін көрсетіп, ақталды. Жуық арада сол бойынша аралап шығуға уәде берді. Ведомство басшысының сөзінше, қазір 10 қалада орталықтар 100 пайызға тозып тұр.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
Қазіргі мақсат осы олқылықты ретке келтіру. Бұл жылдар бойы жиналған мәселе. Қажетті қаржы бөлінбегендіктен осындай жағдай қалыптасып отыр. Қазір жоспар бекітіп, үкімет, әкімдіктермен бекіттік.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Еліміздегі жылу орталықтарының 76 пайызы жарты ғасырдан асқан. Ең жаңасы 1981 жылы Шымкентте салынған. Сондықтан да салаға үлкен инвестиция керек. Депутаттар бұл жұмысқа олигархтарды тартуды ұсынды. Ал аудиторлық палата жылу беру маусымына дайындалмаған әкімдерді жазалап, саладағы реттеу жұмысын бір мемлекеттік мекемеге беру керек деген ұсынысын айтты.
Шерхан Жамбылұлы