Павлодар облысында соңғы он жылда 90 нан аса елдімекеннің атауы өзгерген. Дегенмен, ономастика мәселесінде әлі олқылық көп, сондықтан ендігіде аймақтарға тән және жалпыұлттық ерекшеліктерге басымдылық берілуі тиіс. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ономастика саласын тәртіпке келтіруді тапсырды. Осы ретте павлодарлық ғалымдар рулас емес, рухы биік тұтас қазаққа ортақ тұлғалардың бірыңғай тізімін жасауға атсалыспақ.
Соңғы жылдары Павлодарда көше атаулары біртіндеп қазақыланып келеді. Әйтседе, кеңес дәуірінен қалған, идеологиялық тұрғыда құндылығы жоғалған, естігенде еңсені басатын ескі атаулар әлі жетіп артылады. Сондықтан, өңірде ономастика саласын оңтайландыру керек дейді ғалымдар.
Қанат Қанапиянов, филология ғылымдарының кандидаты, профессор:
Роза Люксембург, коммунист деген атаулар бар, мониторинг өткізгенбіз Ресейдің өзінде жоқ Омбы, Новосібірде жоқ мұндай көшелер. Бестужов деген көше бар, ол декабрь көтерілісінің офицері.
Ұлттық құрылтайда Президент төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеуді тапсырды. Таныс тамыр емес, ел қастерлеген қайраткерлердің есімін жаңғыртуға керекулік ғалымдар да үлес қоспақ.
Амантай Құдабаев, тарих ғылымдарының кандидаты:
Алашорданың нағыз қайраткерлері осы елде туып өскен Бердалин Қабыш деген азамат болған. Қайраткері болған нағыз Алаштың. Екінші бір айтарым мына қазақтың халық өлеңдерінің типологиясын жасаған М. Әуезовтің шәкірті болған, Бекмұрат Уақатов деген ағамыз болған. Міне осындай адамдарды беру керек-деп есептеймін.
Айтмұхамбет Тұрышев, филология ғылымының докторы:
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кешегі құрылтайда айтқан сөзі өте дұрыс, орынды деп есептеймін. Жалпы, адам аттарын байқап қою керек.Тіпті, Кеңестік дәуірдегі атауларда өтіп кетті ғой, көптеген атаулар. Енді оны қайтадан сараптама жасаса әлі талай нәрселер шығады.
Осындай ескертулерден кейін ономастика жөніндегі комиссия жұмысты ширатпақ. Әсіресе шекаралас елдімекен атауларын өзгертуге басымдылық беріледі.
Батырбек Қайратұлы, облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының ономастика жұмыстары бөлімінің басшысы:
Соңғы 10 жыл, 7-8 жылдың ішінде бізде 90-нан аса елді мекеннің атауы өзгертілді. Соның 9 на тарихи тұлғалардың есімдері берілді. Қаланың немесе ауданның атқарушы өкілді органдары бізге сол тиісті жұмыстарды өткізіп, бізге тапсыратын болса, біз әрі қарай ол жұмыстарды жалғастырамыз.
Ел дамуы үшін саяси реформаларды іске асыру аздық етеді. Ұлттық құндылықтарды орнықтыру әлі де олқы. Сондықтан Мемлекет басшысы ескерткендей кез-келген іске Ұлт мүддесі тұрғысынан қарау аса маңызды.
Болат Аманбаев