Солтүстік Атлантикада жоғалып кеткен сүңгуір қайықта оттегі таусылуға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Атлантикада жоғалып кеткен сүңгуір қайықта оттегі таусылуға жақын

22.06.2023

Солтүстік Атлантикада жоғалып кеткен батискафты іздеу операцияларының шешуші фазасы басталды. АҚШ-тың жағалау күзетінің ескертуінше, 5 адаммен бірге ғайып болған сүңгуір қайықта оттегі бүгін кешке таусылады. Құтқаруға тағы 10 кеме мен қайық тартылмақ. Олар Солтүстік Ирландия территориясының көлеміндей аумақ пен 4 шақырым тереңдікке барлау жасауы керек.

Ал сейсенбі-сәрсенбі күндері естілген дыбыстың қайдан жеткені әлі белгісіз. Бұл батискаф жексенбіде 1912 жылы құрдымға кеткен «Титаник» лайнерінің қаңқасын зерттеуге аттанды. Мұхиттың түбіне түскеннен кейін 2 сағатқа жуық уақыт өткенде «Титан» атты шағын кемемен байланыс үзілген.

Майкл Гиллен, Ғалым және «ABC News» арнасының бұрынғы ғылым редакторы:

Мен үшін екі фактор ерекше. Біріншіден, олар 1 сағат 45 минутта, яғни, 2 сағатқа жетпей байланысты жоғалтты. Бұл уақыт олардың әлі төмендеп бара жатқан сәтін білдіреді. Су түбіне жету үшін әдетте екі-үш сағат кетеді. Екіншіден, байланыс нашарласа, кеме неге су бетіне көтерілмеді? Тәжірибелі пилот дереу кері қайтуы керек еді ғой. Осы жері түсініксіз.


Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу