Шетелдік көліктерді заңдастыру үшін өтініш қабылдау тура 1 аптадан кейін аяқталады. Осыған орай мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Межелі мерзімге дейін өтініш беріп үлгерген азаматтардың, автокөліктері тиісті талаптарға сай келетін болса, 1-шілдеден кейін де заңдастыру құқығы беріледі.
Қуандық Дәлипов Ресейлік нөмір таққан көлікті 2 жыл бұрын алып-сатарлардан алған. Заңды иесімен байланыс жоқ. Тек сақтандыру полисін рәсімдеп мініп жүр. Науқан басталғалы тіркеуге қоюға бірнеше рет тырысып көріпті.
Қуандық Дәлипов, Астана қаласының тұрғыны:
Мында келіп сұрасам айтады сіздің машинаңыз Россияда тіркеуде тұр екен. Біз легализация істей алмаймыз деп. Заң шығыпты бірінші шілдеден бастап ондай көліктерді жүргізбейді.
Ал Айбек Төлегеновтың мәселесі тіпті күрделі. Ресейдегі иесін тапқан күннің өзінде есептен шығару үшін қыруар қаржы қажет.
Айбек Төлегенов, Астана қаласының тұрғыны:
Ол машина Ресейде тіркеуде тұр. Енді бізге ол көлікті Ресейге барып шығарып алып келіңдер десе Ресейдің банктері тартып алады ғой көлікті.
Айтуынша, заңды иесі амалын тауып көлікті 16 жерге кепілдікке қойған. Жалпы қарызы шамамен 12 млн теңгеден асады. Осындай мәселеге тап болғандар халыққа қызмет көрсету орталығында көп кездесті. Біз олардың мәселесінің шешімі қалай болатыны туралы ақпарат алу үшін ішкі істер министрлігіне бардық.
Алтынбек Жамалиев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:
Еуро одақтан әкелінген көлік құралдарын қандай да бір шешілмей жатқан шаралар болса шектеуі бар, немесе құжаттары жоқ немесе бұрынғы иесін таба алмай жатыр, яғни, шешу жақын арада өте қиынға әкеп соғады иә азаматтарға. Ертең сақтандыру полисінің де мерзімі бітіп қалады. Сондықтан ол азаматтардың көліктерін біз 5 жылға уақытша есепке қойып береміз.
Уақытша тіркелген көліктерге әдеттегідей ақ нөмір беріледі. Тек техникалық құжатында шектеулері бар екені көрсетіледі. Көлікті сата алмайды, Қазақстаннан шығара алмайды. Уақытша тіркеуге қою үшін 200 мың теңге төлеудің де қажеті жоқ. Тек бірінші шілдеге дейін онлайн өтініш берсеңіз жеткілікті.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Онлайн өтінішті электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасы арқылы беруге болады. Алайда ол жерде сізге өтінішіңіз қанағаттандырылмады деген жауап келеді. Сол жауаптың негізінде 1 шілдеден бастап, көлігіңізді уақытша тіркеуге қоя аласыз. Алдағы 5 жылда сол мәселеңізді шешіп, көлігіңізді тұрақты тіркеуге қоюға мүмкіндік ашылады.
Оңғар Алпысбайұлы