Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымы былтыр 7 есе өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымы былтыр 7 есе өскен

23.06.2023

Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымы былтыр 7 есе өскен. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Тбилисидегі ресми сапар барысында айтты. Бүгін ол Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвилимен келіссөз жүргізді. Қос ел бірлесіп сауда байланысты ұлғайтуды, жол инфрақұрылымын дамытып, жүк ағынын цифрландыруды көздейді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, туризм және жаңа технологиялық өнімдерді сату бойынша ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Үкімет басшылары «Қазақстан темір жолы» мен «Грузия темір жолы» компаниялары арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойды. Қазақстан, Әзербайжан және Грузия бірыңғай логистикалық компания құру арқылы баға саясатын реттеп, жүктерді тарату және жол қозғалысын жеңілдету мәселелерін шешпек. Әрі бұдан кейінҚытайдан Еуропаға жүк жеткізу мерзімі 10-15 күнге дейін қысқарады деп жоспарлап отыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Транскаспий халықаралық көлік бағытына ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы осы бағыт бойынша жүктерді ауыстырып тиеу екі есеге өссе, контейнерлерді тасымалдау 30 процент артты. Бүгін де оң динамика сақталып отыр. Біз ортамерзімді кезеңде осы бағыт бойынша жүк тасымалы көлемін он млн долларға дейін жеткізуге мүдделіміз.

Ираклий Гарибашвили, Грузия премьер-министрі:

Келіссөздердің негізгі тақырыбы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту болды. Біз бұл жобаға Әзербайжан және Қазақстанмен бірге қатысып жатырмыз. Аталған бағыттағы “тар жолдарды” жою және Орта дәлізді Орталық Азия, Қытай және жалпы Азияның басқа елдері үшін одан да тартымды ету үшін бірге жұмыс істейміз. Бізде келіскен нақты Жол картасы бар. Бұл - 2027 жылға дейінгі жоспар.


Хабарламаларға жазылу