Шемонайха қаласында газ құю стансасындағы жарылыстан күйік шалған екі адам қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шемонайха қаласында газ құю стансасындағы жарылыстан күйік шалған екі адам қайтыс болды

26.06.2023

Шығыс Қазақстан облысы Шемонайха қаласында газ құю стансасындағы жарылыстан күйік шалған екі адам қайтыс болды. Еске сала кетейік, 22-ші маусымда болған оқыс оқиғадан 4 адам жарақат алып, бірнеше көлік өртеніп кетті. Әуелі екі ер адам, одан соң тағы бір азамат пен әйел ауруханаға жеткізілген болатын. Дәрігерлер зардап шеккен азаматтардың өмірін сақтап қалу үшін барын салды.

Сұлтанбек Битемііров, Шемонайха аудандық ауруханасының бас дәрігері:

Ауруханада қажетті дәрі-дәрмектің бәрі жеткілікті болды. Күйік шалған азаматтар өте мүшкіл халде түсті. Мүлде қозғауға болмады. Сондықтан Өскемендегі санавиация қызметінен екі бригада дәрігер келді. Оған қоса Астанадағы білікті мамандар сағат сайын телемедицина арқалы кеңес беріп тұрды.Бірақ өкінішке орай арада 48 сағат өткенде денесін 100 пайыз күйік шалған екі адам көз жұмды.

Дәрігерлер, зардап шеккен әйел мен ер адамның жағдайы бірітендеп жақсарып келеді дейді. Олар реанимациядан палатаға шығарылған. Дегенмен, ұзақ уақыт емделеді. Ал, газ құю стансасындағы жарылыстың себебі анықталған жоқ. Бірнеше құзырлы органнан құрылған комиссия әлі тергеп- тексеріп жатыр.


Хабарламаларға жазылу