Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында биыл 28 шақырым жол жөнделеді. Осы мақсатқа 1 млдр 800 млн теңгеден аса қаржы бөлінген. Алайда мәселе мұнымен толық шешілмейді. Аудандағы жолдардың жалпы ұзындығы 741 шақырым болса, соның басым бөлігі сапасыз. Әріптесіміз Дәуренбек Әбдібек талқаны шыққан жолдармен жүріп, жағдайды көзімен көріп қайтты.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Бұл Ұзынкөл – Бауман бағыты. Жалпы ұзындығы 45 шақырым. Ұзақ жылдан бері жөндеу көрмей әбден тозып, адам көргісіз күйге түскен. Қазіргі сиқты осы. Ойдым-ойдым болып ойылып, асфальті үгіліп, ойран – топыры шығып жатыр.
Осы жолдың бойындағы үш елді-мекенде 2 мыңға тарта адам тұрады. Тұрғындар ұзақ жылдан бері жол азабын тартып келеді. Аудан орталығы аса алыс болмаса да, барып-қайту қиямет – қайым.
Сайлау Балуанов, Ряжское ауылының тұрғыны:
Жол жаман. Ойылып қалған. Аудан орталығына 1-2 сағат жүресің. 15 шақырым жер. 30 жылдан бері жол осындай.
«Осынша уақыт ішінде жол мәселесін талай көтердік» дейді жергілікі тұрғындар. Алайда кейде бетін аздап тегістегені болмаса, дұрыс жөндеу жүргізілмеген. Әбден күдер үзген соң өз беттерінше із салып, шаңын бұрқыратып даламен жүретін болған.
Қуат Тұрысбек, жүргізуші:
Мен бұл жолмен жүрмеймін. Даланың жолымен жүрем. Өйткені бұл жолмен жүре алмайсыз. Әрі кетсе сағатына 20-30 км жылдамдықпен жылжисыз.
Сарыкөл, Киевский, Троебрат бағытындағы жолдардың да сапасы сын көтермейді. Оның барлығын жуық арада толық жөндеп бітіруге қазынада қаржы тапшы дейді аудан басшысы. Сондықтан жұмыс біртіндеп жүргізіледі.
Азамат Аужанов, Ұзынкөл ауданының әкімі:
Киров бағытына қазір мемлекеттік сатып алу жүріп жатыр. Биыл 70 млн теңгені игеріп, жұмысты толық аяқтаймыз. Ал Бауман бағытындағы 45 шақырымның 15 шақырымын жөндеу туралы жоба бар. Осы жобаға сәйкес биыл 500 млн теңге бөлініп, бұл қаржыға 6-7 шақырым жөнделеді.
Егер жұмыс осы қарқынмен жүрсе 45 шақырымды жөндеп бітіруге кемінде әлі 5 жыл уақыт қажет. Жалпы Қостанай өңірінде биыл 500 шақырымға жуық облыстық және аудандық деңгейдегі жолдар жөнделеді. Бұл мақсатқа бюджеттен 20,5 млдр теңге қарастырылған.
Дәуренбек Әбідбек