Шетелдік ғалымдар Бурабай табиғи паркін зерттеуді жоспарлап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдік ғалымдар Бурабай табиғи паркін зерттеуді жоспарлап отыр

29.06.2023

Шетелдік ғалымдар ЮНЕСКО желісіне енген Бурабай табиғи паркін зерттеуді жоспарлап отыр. Мұндағы мақсат – қос аумақтағы жануарлар мен өсімдіктерді сақтауға және қайта қалпына келтіруге қолайлы жағдай туғызу.

Жалпы елдегі «Қызыл кітапқа» енген флора мен фаунаны қорғау үшін әлемдік деңгейдегі биорезерваттардың санын арттыру қажет,-дейді мамандар. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Былтыр немістің орнитолог ғалымдары ұлттық паркте мекендейтін құстардың санын анықтап, зерттеу деректерін жаңартқан. Осының арқасында бұл аумақта осыған дейін кездеспеген қанаттылардың 26 түрі белгілі болған.

Евгений Архипов «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкері:

Алдағы уақытта шетелдік ғалымдармен келісімшартқа отырып, біраз жұмыс істейміз деп жоспарлап отырмыз. ЮНЕСКО тізіміне енгеннен кейін мүмкіндіктер де молайды. Осының арқасында табиғи парктің флора мен фаунасын басқа да тың әдістер арқылы зерттейміз.

Қазіргі уақытта «Бурабай» ұлттық табиғи паркінде жануарлардың 305 түрі мекендейді. Оның 13-і «Қызыл» кітапқа енген.

Ғалымдар олардың табиғи ортасына араласпай, тек бейнебақылау камералары арқылы бақылайды. Ал орманшылар жабайы аңдарға жем-шөп тасып, биотехникалық жұмыстармен айналысады.

Сайран Нұрғожин,  орманшы:

Шөп дайындаймыз. Жапырақ дайындаймыз. Өйткені қыстыгүні аңдарға қалың қардың астынан азық табу қиын болады. Сол үшін біз дайындап қоямыз. Қыстыгүні бізде кормушкалар бар. Шөбін, жапырағын, тұзын бәрін саламыз.

Аумақта өзен-көлдердің эко-жүйесі мен деңгейіне қатысты талдау жұмыстары да тұрақты түрде жүргізіліп отырады.

Ұмсындық Наурызбаев, тілші:

Судың деңгейі айына үш рет осындай құрылғы арқылы бақыланады. Қазір ол 13 см-ді көрсетіп тұр. Мамандардың айтуынша, бұл өткен аптамен салыстырғанда 6 см-ге төмен.

Бурабай ұлттық паркі ЮНЕСКО желісіне былтыр енсе, Қорғалжын қорығы осыдан он бес жыл бұрын кірген.


Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу