Алматы іргесіндегі бірнеше саяжайда су құбыры істен шыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы іргесіндегі бірнеше саяжайда су құбыры істен шыққан

29.06.2023

Алматы іргесіндегі бірнеше саяжайда су құбыры істен шыққан. Бау-бақшаны суғарып, кір жуатын техникалық су он бес күннен бері ақпай тұр. Онсыз да ауызсуды тасып ішіп жүрген халық, мұның жығылғанға жұдырық болғанын айтады. Ал кооператив төрайымы сумен қамтамасыз етіп келген жеке кәсіпкерге жөндеу жұмыстарына деп, тағы да ақша жинау қисынсыз деп отыр.

Бесағаш ауылы маңындағы Восход, Апорт,Самал деп аталатын саяжайлардың халқы су құбырына қосылу үшін әу баста 150 мың теңгеден бергенбіз дейді. Ай сайынғы төлем ақыны да осы күнге дейін телефон арқылы аударып келген. Он бес күн бұрын құбыр тесіліп, мотор істен шыққандықтан, су да тоқтаған.

Дәл осы 30 мың теңгеден жинау мәселесі көтерілгенде халықтың пікірі қақ жарылады. Бірі, құбырды жөндеп, әрі қарай ішуге жарамсыз суды жеке кәсіпкердің қазған ұңғымасы арқылы сатып алып қажетімізге пайдаланайық дейді. Екінші жақ саяжай төрайымының сөзін құп көреді. Ал төрайым әр үй күзге дейін 400 мың теңгеден жинаса, тікелей ауызсумен қамтамасыз ететін «Алматы су» мекемесіне қосыла аламыз деп отыр.

Несібелі Байтұғанова, «Самал» саяжайының төрайымы:

Мораторийге дейінгі аралықта біз уже кіріп тұрмыз. біз 10 кадастровый жерден рұқсат алдық.

Саяжайдағы су ұңғымасын өз қаражатына соңғы рет салдырған жеке кәсіпкер кооперативпен су беру бойынша өзара келісім-шартсыз жұмыс істеп келгенін айтады. Енді халық құбырды өз қаражатына жөндеп, жауаптылармен келісімге келмей су бермеймін деп отыр.

Алмагүл Ахметшеева, жеке кәсіпкер:

Бұл кісілер қаланың суын екі айда әкелеміз деген соң 2020 жылы мен 4 айға отырғанмын. Қазір келісімшартта да жоқ. Қаланың суына қарсы емеспін, әкелсін, әкелген күні өшіріп тастаймын.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Амалымыз қалмады деген тұрғындар, енді 15 күннің ішінде су берілмесе мына Талғар тас жолын жабуымызға тура келеді деп отыр.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу