Парламент депутаттары демалысқа кетті. Бүгін қос палатаның бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов алғашқы сессияны қорытындылады. 8-ші шақырылымның депутаттары 100 күн жұмыс істеді. Палаталардың 3 бірлескен отырысы өтті. Сенаттың 12, Мәжілістің 15 жалпы отырысы болды. Онда 120-дан астам мәселе қаралды. Парламент бас-аяғы 82 заң жобасын талқылап, 25 құжатты мақұлдады. 13 заңға президент қол қойды. Оның үштен бірі депутаттардың бастамасымен жазылған. Сондай-ақ, қос палата мемлекеттік органдарға 306 депутаттық сауал жолдады. «Алайда Үкімет мүшелерінің жауабы көңіл көншітпейді», - дейді Мәжіліс төрағасы. Есеп беруге келген шенеуніктер де дайындықсыз келеді деп сынға алды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Жауаптарының сапасы сын көтермейді. Бізге толық жауаптың орнына жалпылама, сырғытпа жауаптар ғана келеді. Егер бұл жағдай жалғаса берсе, болашақта депутаттық сауалға ауызша жауап беру үшін біз Үкімет мүшелерін арнайы шақыртуға мәжбүр боламыз.
Депутаттар 1 қыркүйекке дейін демалыста болады. Олар осы екі айдың ішінде басқа өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесуі тиіс. 8-шақырылымның депутаттары «келесі сессияда атқаратын шаруа көп»,- дейді.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі:
Біздің бастамамызбен заң жобасы келесі жылдан бастап бірінші қазақ тілінде жазылатын болады. Бұл үлкен қуаныш деп айтуға болады. Бір жағы өзімізге де сын. Осы уақытқа дейін Тәуелсіз Қазақстанда заңның бәрі орыс тілінде жазылып келген.
Айя Мүтәлі