Бекіре балығын өсіретін еліміздегі жалғыз зауыт күрделі жөндеуге мұқтаж - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бекіре балығын өсіретін еліміздегі жалғыз зауыт күрделі жөндеуге мұқтаж

30.06.2023

Жойылудың аз-ақ алдында тұрған бекіре балығын өсіретін еліміздегі жалғыз зауыт күрделі жөндеуге мұқтаж. Ашылғаннан бергі 25 жылдың ішінде бірде бір рет жаңғыртылмаған кәсіпорын - заманауи қондырғыларға зәру. Тозған техника жұмыс процесіне кедергі. Саладағы кадр тапшылығы да мәселені одан бетер ушықтырып тұр. Тілшіміз Жандос Темірғали тарқатып айтсын.

Зауытта жібі түзу техника тапшы. Бәрі тозып тұр. Құрылғалардың мерзімі әлдеқашан өткен. Құбырлар әбден ескірген. Жиі сынады. Үздіксіз 8 сағат су айдайтын сорғының дені қазір бар жоғы 3 сағат ғана жұмыс істейді. Бассейндердегі кафельдер бірінен соң бірі түсіп жатыр. Жамауға келмейді.Тоғандар талапқа сай емес.

Жандос Темірғали, тілші:

Бұл – зауыттың негізгі бөлігі. Мұнда бекіреден алынған уылдырық арнайы аппаратқа салынып шайқалады. Бұлар сол зауыт ашылған кезде, 25 жыл бұрын Беларуссиядан әкелінген құрылғылар. Қазір әбден ескіріп, тот басып тұр.

Ескі-құсқы техника - еңбек өнімділігін арттыруға кедергі. Соған қарамастан кәсіпорын мемлекеттік тапсырысты 100 пайызға орындап келеді. Жылына Жайық-Каспий айдынына 7 млн-нан астам бекіре шабағы жіберіледі. Қаптаған кедергілерге қарамастан, сапаны сақтауда аянбай еңбек етіп жатқан балықшылар - жағдай оңалса, бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге ынталы.

Болат Мұхатжиев, Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытының басшысы:

Бұл ескі болғасын, тұрбаларымыз жарылады. Су ағады. Артық жұмыстар жүріп кетеді. Тоқтату керек болады. Біздің балық өсіру процесіне кішкене кедергісін жасайды. Жағдайы бітті уже. Шаршап келе жатыр.

Кәсіпорынға білікті маман тарту ісі де оңбай тұр. Өйткені мехнаты ауыр жұмысты атқаратын балық өсірушілердің айлығы 100 мыңға да жетпейді. Бірақ жалақының мардымсыздығына қарамастан 162 адам адал еңбек етіп жүр. Тағы 30 шақты кадр керек. Одан да маңыздысы - қайта жаңғырту ісі.

Болат Сұпығалиев, балық өсіруші:

Алға қарай тағы да үлкейтілсе, жаңартылса, балықты іште көптеп ұстауға мүмкіндік бар ғой.

Зауыттың мәселесі – Үкімет назарында. Президент тапсырмасына сай, қайта жаңғырту жұмыстары үшін құжаттар жинақталып жатыр.

Сағадат Ақылбеков, облыстық Балық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Зауыттарда қандай техникалар болашақта қажет болатыны туралы тізімдер жасақталуда. Және салалық министрлікпен тиісті жол картасы жасақталып, бекітілді. Соның аясында қазір жобалық сметалық құжаттамасы жасақталу үстінде.

Жауаптылар 2025 жылға дейін бекіре зауытын бастан аяқ жаңғыртып болуы тиіс. Қазір техникалық сараптама жасалып жатыр....

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу