«Алтын орда» базары үшін күрес жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алтын орда» базары үшін күрес жалғасып жатыр

02.07.2023

«Алтын орда» үшін күрес жалғасып жатыр. Алматы базарынан тағы шу шықты. Белгісіз бір топ сауда нысанының күзет қызметін қолына алмақ болып, басшылар мен күзетшілерге қоқан-лоққы көрсеткен көрінеді. Бұған дейін базардың атқарушы директоры – Эрмек Марқабаев көлігінен есіркі мен тапанша табылды деген айыппен екі айға қамалған еді. «Алтын орданың» қазіргі басшылығы бұл жағдайдың әдейі ұйымдастырылды деген пікірін жеткізді. Бұл іске, тіпті, Қырғызстанның Алматыдағы бас консулы араласып отыр. Неліктен? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес мәселенің мән-жайын анықтап көрді.  

Жуырда ғана желіде бір топ ер адамның «Алтын орда» базары маңын торуылдап жүргені туралы түрлі бейжазбалар тарады. Базар басшылығының сөзінше, бұл адамдар «Алтын орданың» күзет қызметін өз қолдарына алу үшін келген.

Ермек Омаров, «Алтын орда» базарының атқарушы директоры:

Бас көктеп кіріп келді. Кіріп келді де, біз базардың жаңа әкімшілік қызметкерлеріміз, базардың қызметін қолымызға аламыз , қазіргі әкімшілік кетеді бұларға ақша төлемеңдер деп бопсалау, қорқыты басталды. Күзет қызметін шақырып алып, қорқыта бастады.

Оншақты ер адамның базарды айналшықтап, күзетшілерді қорқытып, үркітіп жүргеніне жарты айға жуықтапты. Өздерін «Алтын орданың» жаңа күзет қызметіміз деп таныстырған. Бірақ қолдарында құжат жоқ дейді базар басшылығы. Шабуыл ұйымдастыра ма деп қауіптенген қарауыл қызметі күні түні көз ілмей кезекшілік атқаруға көшіпті.

Әсет Егінбаев, күзетші:

Кезек-кезекпен үйге барамыз. Үш-төрт күн болды жігіттер үйге бармағанына. Егер кетпейтін болсаңдар, біз сыртта бір газель спецназдар тұр. Өз еріктеріңмен кетіп қалуларыңа болады деп сондай қорқытып, үйрелендірді.

Қазір саударгерлерденде маза кеткен. Олар қыруар қаражатқа алынған тауарына және нәпақа тауып отырған орнынан айырылып қаламыз ба деп алаңдайды.

Базар басшылығы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгініп, облыстық полиция департаментіне дейін 70 түрлі арыз жаздық дейді.

ІІМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

21.06.2023 жылы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында белгісіз азаматтардан құрылған топ «Алтын орда» базары аумағын күзету бойынша өз жұмыстарын заңсыз іске асырғалы жатқаны анықталды. Бұл дерек осыған дейін ҚР ҚК 389 - бабы 3-бөлігі бойынша "Өз бетінше билік ету" деп танылған еді. Қазіргі уақытта «Қамқор күзет» агенттігінің базар аумағында күзет қызметтін жүзеге асыруға арналған шарттары бар екені анықталды. Осыған байланысты тергеу,тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Қолдарында бар шарттар мен мүдделі тұлғалардың басқа да құжаттары тексеріліп жатыр. Қоғамдық тәртіп бұзылмаған.

Өздерін жаңа күзет қызметіміз деп таныстырған азаматтар базарға орналасып, қазір жұмыс істеп жатқанын анықтадық. «Алтын орданың» ресми өкілдері олардың басшылықпен ешқандай келісімге отырмағанын айтады. «Қамқор күзет» деген белгісі бар киім киіп алғанымен, нақты кімнің келісімін алғанын өздері де ашып айтпады.

Бұған дейін 12 сәуір күні базардың бұрыңғы атқарушы директоры Эрмек Марқабаев ұсталған еді. «Алтын орданың» басшылығы мен заңгерлері бұл жағдайды әдейі ұйымдастырылған деп отыр.

Нұрлан Үстеміров, адвокат:

Бұл істің артында Еркебұлан Хамзин тұр деп ойлаймыз. Өйткені Базардың 80 процент акциясы соның қолында. Қалған 20 пайызы ғана Данияр Әлпиевте. Хамзин «Алтын ордаға» толық иелік етуді көздейді. Сондықтан да атқарушы директор Эрмек Марқаевты ұстап беріп, артынан адамдарын жіберіп отыр базарға.

Эрмек Марқабаевтың адвокаттары оны ұстау кезінде оған қатысты бірқатар құқықбұзушылықтар жасалғанын да айтады.

Мақсат Ибадуллаев, адвокат:

Кез келген ұсталған адамға қатысты 3 сағаттың ішінде ұстау туралы хаттама толтырылуы керек. Әйтпеген жағдайды оны босатуға тура келеді. Ал, Эрмек Марқабаевды ұстаған полицейлерде ондай хаттама болмай шықты. Сондай-ақ оның ұсталғаны жайлы ақпарат Қарасай аудандық ПБ 14:59 минут өткенде түскен. Ең қызығы небары 4 минуттан кейін аталған хабарлама сотқа дейінгі тергеп тексерудің біріңғай реестеріне енгізіліп отыр.

Эрмек Марқабаев - Қырғызстан азаматы. Бірақ соңғы 15 жылда Алматыда тұрып келген. Енді аталған іске Қырғызстанның Алматыдағы бас консулы араласпақ.

Назаралы Арипов, Қырғызстанның алматыдағы бас консулы:

Өкінішке қарай біз Эрмек Марқабаевпен кездесуге рұқсат ала алмадық. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары Қырғызстан азаматының ұсталғаны жайлы 3 күннің ішінде хабарлаулары тиіс еді. Бірақ, біз ешқандай ақпарат алмадық. Біз Қазақстанның заңын бұзбай қолдан келген әрекетті жасаймыз. Қазір Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне нота жолдадық. Бірақ әзірге жауап алған жоқпыз.

Эрмек Марқбаевтың ісі бойынша тергеу әлі аяқталмады. Сондықтан әзірге ешқандай ақпарат бере алмаймыз деп облыстық Полиция департаменті жауапты қысқа қайырды.Ресми ақпараттарға сүйенсек, «Алтын орда» 2001 жылы ашылған. Ол кезде базарға Алтынбек Әлпиев басшылық еткен. Ал 2012 жылы Болат Назарбаев иелік ете бастайды. Араға 20 жыл салып, «Қаңтар оқиғасынан» кейін базар Алтынбек Әлпиевтің ұлы Данияр Әлпиевтің иелігіне қайтқан. Оның айтуынша, былтыр Еркебұлан Хамзин есімді азамат алаяқтық жолмен базардың 80 процент акциясын өз атына тіркеп алған. Енді қалған 20 процентіне көз тігіп отырғанына сенімді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

15 гектардан астам аумақты алып жатқан «Алтын ордада» 5 мыңнан астам сауда орны бар. Мұнда қажеттілерін сатып алу үшін келетіндердің саны күніне 50 мыңға жуықтайды. Алматы қаласы мен көкөніс, жеміс-жидектер мен ет өнімдері саудасының 40%, бөлшек саудасының 70% осы базар қамтып отыр. Бұл дегеніміз ауқымды сауда кешені жылына миллиардаған пайда әкелеледі. Сондықтан болса керек оның айналасындағы дау-дамай әлі күнге басылар емес.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу