Жетісу облысының Көксу ауданында мал ұрлығы азаймай тұр. Тек осы жылдың бес айында 11 қылмыс тіркелген. Негізінен қараусыз жүрген ірі қара мен жылқы, қой ұрланады. Оңай олжаға әбден үйреніп қалған барымташылар 70 бастан астам түлікті қолды қылған. Ауданда сондай-ақ алаяқтық жолмен табыс табу дерегі де өскен. Былтыр бір ғана жағдай тіркелсе, биыл арбап-алдаушылардың бес қылмысы анықталды. Жәбір көрген – қарапайым ауыл тұрғындары. Ауданда ведомстовоаралық топ құрылып, дәл осындай қылмыстардың алдын алу үшін нақты жұмыс алгоритмі құрылды. Мал иелері төрт түлігін чиптеу, бос жүрген малды арнайы қораға қамау және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жергілікті билік пен құзырлы органдар бірлесіп жүзеге асыратын болып келісілді.
Азамат Бекеев, Көксу ауданының прокуроры:
Әр ауылдың кіре берісіне, шыға берісіне камера орнатылуы керек. Сонымен қатар топ құрылады. Ол топтағы жергілікті атқарушы органдар мен полиция және прокуратура органдарының қызметкерлері әр ауылды аралап, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек.
Қуаныш Қанатұлы