Маңғыстаудағы электр станциясында болған апатқа кінәлілер жауапқа тартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаудағы электр станциясында болған апатқа кінәлілер жауапқа тартылады

04.07.2023

Маңғыстаудағы электр станциясында болған апатқа кінәлілер жауапқа тартылады. Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов осылай деді. Бүгінгі жиын осы төтенше жағдайды талқылаудан басталды. Қазір мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, себебі мен салдарын зерттеуге кіріскен. Кеше кешкісін Ақтау қаласындағы «Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында» бірінші энергоблок апаттық жағдайда тоқтады. Соның кесірінен автоматты қорғау жүйесі іске қосылып, Маңғыстау және Атырау облыстары жарықсыз қалды. Жалпы батыстағы электр желілері әбден тозған. Жыл басынан бері 36 рет апатты жағдай тудырған.

Қуаныш Бектеміров, Kegoc компаниясының басқарма төрағасы:

Батыс аймақтағы электр желілерін толық тексеруден өткізу керек деп есептейміз. Қазір өңірде 700 шақырымға созылатын жаңа желінің құрылысы аяқталуға жақын. Тағы бір электр қуатын тарату станциясын саламыз. Осылайша жағдайды біраз тұрақтандыруға болады. Жұмыстар жоспардағыдай жүріп жатыр.

Жалпы батыстың энергетика желісі өзге өңірлерден дербес жұмыс істейді.

Осындай жағдайда көрші облыстардан қосымша қуат тарту мүмкін емес. Ресейге жалтақтаудан басқа амал жоқ.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

Біз дер кезінде шаралар қабылдап, ТЭЦтің генерациясын 130МгВтқа дейін өсіріп, 35 КВТ желілер арқылы қаланың сол жақ жағалауын электр желісіне қостық. Содан кейін сағат 9 да Кегок арқылы синхронизация жасап, Ресей федерациясынан 130 мгвт электр қуатын алып, осыған қатысты аудан менен облыс толық электр желілеріне қосылды.

Жарықсыз қалып, жұмысын тоқтатқан кәсіпорынның бірі Атырау мұнай өңдеу зауыты. Техникалық ақау анықталмады. Десе де, құрылғыларды қайта іске қосу үшін біраз уақыт керек.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Қазіргі уақытта зауыт басқа кәсіпорындар сияқты қалпына келтіруде. Ешқандай да жанар жағармай тапшылығы болмайтынын баса атап өткім келеді. Қолда бар отын қоры бүкіл Республикаға жетеді. Барлық мұнай өңдеу зауыттарын тоқтату туралы алып қашпа әңгімелер шындыққа жанаспайды. Жағдай бақылауда.

Өзге зауыттарда да белгілі бір себептермен өндіріс қысқарған. Сондықтан...

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

АИ-95 маркалы бензинді импорттауға тура келеді. Өйткені Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу, Атырау МӨЗ-дегі апатты жөндеу жүріп жатыр, ал Шымкент МӨЗ АИ-95 бензині өндірісін төмендетті. Осыған байланысты ішкі нарықты қамтамасыз ету Ресейден импорттаудың арқасында ғана мүмкін болады деп отырмыз. Тиісті келіссөз жүргізіп жатырмыз.

Энергетика министрінің айтуынша электр станциясындағы апаттың түпкі себебі қаржының тиісті мөлшерде бөлінбеуінде. Салдарынан уақытылы күрделі жөндеу жүргізілмеген, жалақысы төмен болғандықтан білікті кадрларды жұмысқа алу да мүмкін болмаған. Енді жөндеу жұмыстары бүгін түнде басталады. Жоспар бойынша 6 шілде күні қайта іске қосылады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу