Астананың ең көрікті жерлері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананың ең көрікті жерлері

05.07.2023

Астана зәулім ғимараттарымен, әлемдік деңгейдегі театрлар, мұражайларымен бүгінде таңдай қақтырады. Тіпті түрлі бизнес орталықтары бой көтеріп, сырттағы шиеленістерді шешетін орталық өтетін бірегей ғимараттарымен көздің жауын алады. Қала құрылысы жылдан жылға көз ілестірмес қарқынмен үлкейіп келеді. Әріптесім Айя Мүтәлі қала күніне орай Астананың ең көрікті жерлерін аралап келді.

Айя Мүтәлі, тілші:

Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданғаннан кейін бас қалада ең бірінші болып салынып бастаған ғимарат – Бәйтерек. Монумент бүгінде Астананың бас символына айналды. Биіктігі - 150 м. Жоба авторы - британдық архитектор Норман Фостер. «Бәйтеректің» айналасында министрлер үйі, бизнес орталықтар мен өзге де көпқабатты ғимараттар бой көтерген.
Ал Байтерек монументінен үш жүз метр қашықтықта президент резиденциясы, яғни «Ақорда» орналасқан. Бас ғимараттың құрылысы 2001 жылы басталып, үш жылға созылды. Жалпы ауданы – 36 мың шаршы метр. Есілдің сол жағалауында орналасқан. Ал оң жағалауда биіктігі 62 м болатын пирамида, яғни Бейбітшілік және келісім сарайы тұр. Бұл ғимарат әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының халықаралық Конгресін өткізу үшін арнайы салынған.
Ал Есіл өзенінің жағалауы – қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны деуге болады. Музыкалық аспапта ойнаған музыканттар, әсем әуен, суретшілердің көркем туындыларының бәрін осы жерде. Есілдің бойында жаздыгүні катермен экскурцияға шығып, қыста коньки мен шаңғы тебуге болады. Өзеннің екі жағасын жалғайтын жаяу жүргіншілер көпірі де қалаға ерекше сән беріп тұр. Бұл өткел Атырау облысы әкімдігінің елорданың 20 жылдығына арналған сыйлығы.
«Астана Опера» опера және балет театры да - Астананың ең көрікті жерлерінің бірі. Зәулім сарай небәрі 3 жыл ішінде бой көтерген. Ғимаратта қазақи дәстүр мен грек-рим мәдениеті әдемі үйлесім тапқан. Ал жолдың арғы бетінде «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық кешені орналасқан. Бұл әлемдегі киіз үй тәріздес ең үлкен ғимарат. Гинесс рекордтар кітабына да енген. Орталық осыдан тура 13 жыл бұрын Астана күнінде ашылған еді. Шатыр ішінде дүкен, кафе, мейрамхана, кинотеатр, тіпті жасанды жағажайы бар аквапарк бар.

Ал 2017 халықаралық көрме өткен ЭКСПО қалашығы да туристер көп келетін жер. Аумағы – 25 гектар. Кешеннің дәл ортасында шар тәрізді «Нұр әлем» павильоны орналасқан. Бұл әлемдегі ең ірі шар тәрізді ғимарат. Диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метр. Көрме өткізу үшін арнайы ашылған өзге ғимараттарда бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы, IT университеті, Astana Hub IT стартаптар технопаркі және басқа да компаниялар орналасқан.

Ал былтыр Елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды. Мешітте бір уақытта 235 мың адам құлшылық жасай алады. Сыйымдылығы жағынан әлемдегі он үлкен мешіттің қатарына енді. Күмбездің биіктігі 83 метр. 4 мұнарасы 130 метрден асады.


Хабарламаларға жазылу