Бельгияда дәстүрлі «Оммеганг» фестивалі дүркіретіп тойланды. 1549 жылдан бері ұйымдастырылатын фольклорлық фестиваль ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енген. Орта ғасыр тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін театрландырылған қойылымды тамашалау үшін туристер Брюссельге алыс-жақын шетелден ағылды.
Сәнді киінген арулар, сәйгүлік мінген серілер. Брюссельдің көшесіндегі салтанатты шеруге қарап көз сүйсінеді. Құдды Орта ғасырға тап болғандайсың. Фольклорлық мерекенің тарихы тереңде. 1549 жылы Брюссельге ресми сапар жасаған Рим империясының патшасы Карл 5-ні көпшілік осылай думандатып қарсы алған. 400 жылдан бері мейрам сол мәртебелі мейманның құрметіне тойланады.
Матис Ревен, турист:
Бельгияның орта ғасырдағы тарихы көрсетілетін фестивальге қатысу арқылы тарихтың бір бөлшегі болғым келді. Сол ғасырдағы сарбаздың рөлін сомдау үшін бір жыл дайындалдым.
Ренессанс дәуірін қайта жаңғыртуға 1400 адам жұмылдырылған. Кәсіби актер, музыканттардан бөлек, фестивальге қатысушылардың басым бөлігі қарапайым тұрғындар. Арнайы костюм тіктіріп, кейбірі атқа отыруға бірнеше ай машықтаныпты.
Марин Клузе, Брюссель қаласының тұрғыны:
Бұл тарихи күн, ұрпақ үшін маңызды мәдени мұра. Бала күнімнен фестивальді жібермей көремін. Ескі костюмдерді, ескі жалауларды көріп, сол уақытқа саяхат жасағандай боламын.
Сла Текдемир, турист:
Осы фестивальды көруге Түркиядан келдік. Ғажап қойылым. Ақсүйектер мен шаруалардың Орта ғасырдағы өмірін көз алдымызға әкелді.
Кешкі жетіде басталған мерекелік шара түнгі 12-ге дейін жалғасты. Көрермен жасы 70-тен асқан қариялардың бес сағат бойы аяқтарынан тік тұрып, қойылымға белсенді қатысқанына тамсанды. Ал ұйымдастырушылар фольклорлық фестивальдің арқасында екі жыл тұралаған туризм саласына қан жүгірді деп разы.
Нұрсұлу Қасым