Ақтөбеде апатты үйлердің тұрғындары пәтер жағалап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде апатты үйлердің тұрғындары пәтер жағалап жүр

10.07.2023

Ақтөбеде бес бірдей апатты үйдің тұрғындары далада қалатын түрі бар. Өйткені, баспаналары құлайын деп тұрғандықтан көбі тума-туыстарының қасына көшуге мәжбүр болған. Пәтер жалдап жүргендері де жетерлік. Ал, бұл үйлердің орнына жаңасын салып береміз деген әкімдіктің уәдесі орындалар емес. Мәселені Жақсыбек Кемал зерттеп келді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл үйлердің салынғанына 40 жылдан асқан. Бес жыл бұрын апатты деп танылды. Мұндағы пәтерлердің көбінде қазір адам тұрмайды.Өйткені, жаңбыр жауса, төбеден су сорғалайды, қабырғалары шытынап, жарылып жаты».

Екі қабатты бұл үйлерде 61 пәтер бар. Қазір құлағалы тұрған баспаналарда баратын жері жоқтар мен пәтерлерді жалға алғандар ғана тұрып жатыр. Жертөлелер де баспанаға айналған. Олардың іші сыз тартып кеткен. Ал, төбеден кірпіштер құлап,адамдарға қауіп төндіріп тұр.

Қания Әжіғұлова, қала тұрғыны:

Темір құлап, келінімнің аяғына құттай қалған, аяғын сындырып тастауға.Немерем жүгіріп, көршіге барған.Әже, неғып жатсыз, мамама темір түсті деп.Аяғын былай жырып кеткен. Қорқып, мынадан кетті.Мама, сізбен бірге 18 жыл тұрдым, енді тұра алмаймын, мынау сырос деп.Түнде жатқанда тырс-тырс, жарылып жатыр.

Мұндағы тұрғындар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдық дейді. Мәселен, мына пәтердің төбесі ортасына түсуге жақын. Сонда да адамдар тұрып жатыр. Ғимараттардың сыртына бұған дейін бірнеше мәрте жөндеу жүргізілген. Алайда, одан нәтиже болмай тұр. Ал, әкімдік өкілдері апатты үйлерді бұзып, орына жаңасын салатын мердігер компанияны ұзақ іздегендерін айтады. Жоспар бойынша мұндағы тұрғындар жаңа пәтерлерге тез арада көшуі тиіс еді. Алайда, ол жұмыс созбалаңға салынып кеткен.

Сәуле Ахметқалиева, қала тұрғыны:

Әрине, қорқасың. Үйіндінің астында қалып қойсаң, кім жауап береді?Айтады, айтады, кетеді.Бізбен ешқайсысының шаруасы жоқ.

Амалы таусылған тұрғындар бүгін әкімдікке тағы келді. Олармен кездесу өткізген жауаптылардың айтуынша, жұмыс жүріп жатыр. Жаңа ауданнан жер бөлінген. Мердігер мекеме ол аумаққа көп қабатты үй салуы тиіс.

Жиынға мердігер компанияның басшысы да келді. Ол жаңа пәтерлер жыл соңына дейін дайын болады деп уәде берді. Тұрғындардың тілегі біреу ғана – оған дейін апатты үйіміз құлап, үйінді астында қалмасақ дейді.


Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу