Президент Астана әкіміне бір жыл уақыт берді. Бас қаладағы өзекті мәселелерді жіпке тізген Мемлекет басшысы бүгін Жеңіс Қасымбекке біраз міндет жүктеді. Қаланың жаңа аудандары өркениеттен өгейлік көргендей күй кешіп тұр. Елорданың тұрғындары басқаны қойғанда ауыз суға жарымай отыр. Жылу мәселесі де қиындаған. Бұның бәрі шенеуніктердің салғырттығынан деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жиында қаладағы ретсіз құрылыс пен үлескерлердің мәселесін қозғап, тапсырма берді. Елорда биыл ширек ғасырлық мерейтойын атап өтті. Қала халқы 1,5 миллионнан асты. Мегаполисте мәселе көп. Мысалы жылумен қамтамасыз ету ақсап келеді. Президенттің сөзінше өткен маусымда күн райы жылы болып, қала қыстан аман шықты. Ал салада кәсіби мамандар аз. Стратегиялық нысандарды мүлде басқа мамандықтың адамдары басқарып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жылу электр стансасын заңгер басқарып отыр. Электр компаниясын - бағалаушы, жылутранзитте - агроном, қалалық су каналында зоотехник басшы. Менің ойымша әр істе тек кәсіби мамандар айналысуы қажет. Олай болмаған жағдайда нәтижесі де көңіл көншітпейді.
Президент жаңа жылу нысандарын биылдан кешіктірмей іске қосуды тапсырды. Астаналықтарды алаңдатқан тағы бір мәселе ауыз су. Осы жазда тұрғындар оны шелекпен тасып ішуге мәжбүр болды. Аптап ыстықта сусыз қалғандар жолды бөгеп, митингке шықты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ашығын айтсақ, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар жұмысын адал атқармаған. Бұл – нағыз салғырттық, соның салдарынан осындай күрделі ахуал қалыптасты. Мұны, тіпті, жұмысқа селқос қарау емес, қасақана зиян келтіру деуге болады. Себебі, су, жылу, жарық – күнделікті тұрмыстағы аса маңызды қажеттіліктер. Бұл салада қателікке мүлдем жол беруге болмайды. Сондықтан, кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы керек.
Қаланың су алатын жалғыз көзі Астана су қоймасы. Ол да ластанып жатыр. Оқыс оқиға болса тұтас шаһар тіршілік нәрінен тарығып қалады. Шұғыл әрекет керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұған дейін Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ, әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті, осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ. Тағы да қайталап айтамын: құзырлы министрлік нақты шаралар қабылдауға тиіс.
Кәріз мәселесі де әлі күнге шешімін таппай келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Кәріз жүйесі су ағынына төтеп бере алмайды. Жуырдағы жаңбыр кезінде осыған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Жаңа нөсер кәрізінің құрылысы толық аяқталған жоқ. Әкімдік нақты шаралар қабылдауға тиіс.
Қалада ретсіз құрылыс пен сапасыз жұмыс тыйылмай тұр. Қажетті инфрақұрылым жоқ болса да 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Қаланы көркейтіп, жұртқа қолайлы жағдай жасау басты назарда болуға тиіс. Алайда, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі басым түсіп жатады. Қаланы дамыту ісінде бірізділік болмаған соң, орынсыз құрылыс көбейіп кетті. Әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуға тиіс жерлерде тұрғын үй кешендері салынды.
Қазір 4 мыңға жуық үлескер үйсіз жүр. Президент биылдан қалдырмай 16 үйдің құрылысын аяқтап, олардың проблемасын толық шешуді тапсырды. Ал қаланың архитектуралық келбеті көптің көңілінен шықпай тұр деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қалада сырт келбеті бірдей, сұр ғимараттар қаптап кетті. Көп жағдайда олардың сапасы да сын көтермейді. Бұл нысандар қаланың архитектуралық келбетін айқындайды. Сондықтан жаңа нысандар ортақ концепцияға сай болуы қажет. Мыңжылдық аллеясының қалай салынып жатқанын қараңызшы. Ол қаланың ең көрікті жері болуы тиіс еді. Алайда ол көшелердің келбеті көңіл қуантпайды.
Астана жасыл желегі жайқалған қала болуы тиіс. Алайда президент бұл бағытта да жұмыстың ақсап тұрғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жарты жыл бұрын әкімдікке 5 жылдың ішінде Астананы бақ қалаға айналдыру туралы тапсырма берген едім. Алайда бұл бағыттағы нақты қадамдар аз. Арнайы кеңесші де тағайындалды. Биыл қаланы жаппай көгалдандыру бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу керек.
Астана тұрғындар үшін жайлы қала болуы керек. Емхана мен мектеп, сапалы интернет, мәдениет пен спорт нысандарын қолжетімді ету қажет. Білікті ұстаздардың тапшылығы да сезіліп келеді. Сондықтан Президент жаңа педагогикалық оқу орнын ашуға қолдау білдірді. Ал қаладағы қоғамдық көлік жүйесін цифрландыру керек. Президенттің сөзінше көлік инфрақұрылымын дамытпаса, қала кептелістен көз ашпай, үлкен дағдарыс туындауы мүмкін.
Шерхан Жамбылұлы