Қызылорда облысында 106 елді мекенде қырым қанды безгегінің қаупі жоғары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында 106 елді мекенде қырым қанды безгегінің қаупі жоғары

11.07.2023

Қызылорда облысында қырым қанды безгегінің қаупі жоғары 106 елді мекен анықталды. Әсіресе, Шиелі ауданында ауру ошақтары көбейген. Бір аптада ауданда екі тұрғын кене шағып қайтыс болды. Малмен жан бағып отырған ауыл жұрты зиянкестерге қарсы дәрменсіз күйде. Ал мамандар күзде ғана залалсыздандыру жұмыстарын жүргізбек.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Ауру тасымалдағыш кенелер мал жайылатын тоғайлар мен суаттарда көбейген. Ауыл тұрғындары осы төрт-түлік арқылы улы зиянкестер ауылға келеді дейді. Ал жайылымдық жерлер дизенфекциядан өтпейді.

Соңғы қайғылы жағдай Нартай Бекежанов елді мекенінде тіркелді. Кененің кесірінен 32 жастағы жігіт қайтыс болды. Қазір мұнда тұрғындар мал жайғауға қорқып қалған. Өйткені, әр өрістен келген сайын төрт-түліктің үсті қансорғыш жәндікке толы келеді.

Қойбағар Сейітжанұлы, ауыл тұрғыны:

Малдың шабы, қолтығы әсіресе төлдерге жабысып қалады. Оны улай алмайсың. Одан уланып өліп қалады төл. Үлкен малға қашанғы дәрілейсің.

Тағы бір мәселе. Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу жеке кәсіпкерлердің құзыретіне берілген. Бірақ, тендерге түскен дизенфекцияның нәтижесі көңіл көншітпей тұр. Базарбек Сақып ветеринария саласының ардагері. Ол халық өміріне қауіп төндіретін зиянкестермен күресті кәсіпкер емес осы салаға жауапты мемлекеттік мекемелер жүргізуі тиіс дейді.

Базарбек Сақып, ветеринария саласының ардагері:

Облыстан жылына пәленбай миллиондаған қаржылар бөлінеді. Бұның барлығының ешқандай тиімділігі жоқ. Себебі ол, ұтып алған адам бір рет шашты ма болды, екі рет шашты ма болды. Қолына актсын алады да кетеді. Ал оған жауап беретін мекеме болу керек. Медицина өз бетімен жүр. Санэпидстанция өз бетімен жүр. Ветеринария өз бетімен жүр. Кене өз бетімен кетіп қалды.

Жалпы облыста Конго-Қырым ауруының таралу қаупі жоғары 106 ауыл бар. Шиелі ауданында 22 ауылдық округтің 17-сі соның тізіміне енген. Бірақ, ауылы аралас, қойы қоралас елді мекендердің көбіне жайлауы бір. Сондықтан, аудан әкімдігі залалсыздандыру бойынша өзгерістер енгізуді ұсынып отыр.

Ерсұлтан Әпетов, аудан әкімінің орынбасары:

Дәрілеу жұмыстарын келесі жылдан бастап осы шілде, тамыз айларына күзді күтіп отырмай шілде тамыз айларында жасауға ұсыныс жасап жатырмыз.

Кенемен күресте әзірге дәрменсіздік байқалады. Жыл басынан бері 700-ден астам адам зиянкестерден зардап шегіп, дәрігерлерге жүгінген. Бұл өткен жылғы статистикамен салыстырғанда 100-есе көп.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу