Қарағанды облысында жылыжай жұмысшылары жарнасыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында жылыжай жұмысшылары жарнасыз қалды

14.07.2023

Қарағанды облысының Топар кентіндегі жылыжай жұмысшыларына бірнеше айдан бері зейнетақы мен медициналық сақтандыру жарналары аударылмаған. Салдарынан жұрт тегін ем-домнан қағылып, несие де рәсімдей алмай жүр. Алайда жұмыс беруші тарап бұл міндетті төлемдерді жалақыдан үнемі ұстап отырған. Ал келеңсіздікті түсіндіруін талап еткен жылыжай еңбеккерлеріне басшылық «ұнамаса өз еркіңмен жұмыстан шық» деп жауап беріпті.

Айнагүл Бармұхан, жылыжай жұмысшысы:

Мұнда жетіскенімізден жүргеніміз жоқ. Басымызда дұрыс үйіміз де жоқ. Қаншама кредитіміз бар. Талап еткені үшін, ақшамызды, зейнетақымызды, сақтандыруымызды, біз оларға ұнағанымыз жоқ. Жұмыстан кетіңдер депті бізге кеше.

Жылыжай басшылығы жұмысшылардың сөзін жоққа шығарып отыр. Айтуларынша, зейнетақы мен міндетті медициналық сақтандыруға 7 ай емес, екі ай ғана қаражат аударылмаған. Жақын арада ол қарызды түгел өтейтіндерін жеткізді. Жалпы мамыр мен тамыз айы аралығында жылда осы мәселе туындайды. «Жиналған берешекті күзде өнім алып, сауда жүрген кезде аударатынбыз», - дейді жылыжайға жауаптылар.


Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу