Қостанай облысының Қарасу ауылында балалар алаңы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының Қарасу ауылында балалар алаңы ашылды

15.07.2023

Қостанай облысының шалғайындағы Қарасу ауылында балалар алаңы ашылды. Бұған дейін де бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілген. Оның бәріне қаржыны жергілікті тұрғындар демеушілік жасап өз қалтасынан шығарыпты. Қазына қаржысына атқарылып жатқан жұмыстар да бар. Шағын елдімекендегі оң өзгерістер жайлы Дәуренбек Әбдібек әңгімелейді.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Арқалық-Торғай тасжолының бойындағы шағын ауыл – Қарасудың көшесінде сусыма құм есіліп жатыр. Екі желдің басы тұрса құм дауыл көтеріледі. Қырық жыл жөндеу көрмей қырық жамау болған ескі құбыр көшені көгалдандырмақ түгілі ауыз суға әзер жетеді. Сондықтан жергілікті жұрт жаңа желінің іске қосылғанын асыға күтіп жүр.

Сайлау Есполовтың ауласы шөл даладағы ғажайып арал тәрізді. Жағалай көк шөп, шағын бау-бақшасы жайқалып тұр. Ескі құбырдан уақытпен берілетін аз суды үнемдеп пайдаланып, үйінің алдына осындай микроклимат қалыптастырған. Жалпы құны 600 млн теңге тұратын былтыр басталған ескі желіні жаңарту жұмысы қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Онда таза су ауылға 24 сағат үзіліссіз берілетін болады.

Сайлау Есполов, ауыл тұрғыны:

Су келсе әжетхана, душ саламыз міндетті түрде. Бақшаны үлкейтіп, ағаш отырғызамыз. Бүкіл ауылды көгалдандыруға болады.

Су желісі бюджет қаржысына салынса, балалар алаңына қажет ақшаны тұрғындар өздері жинаған. Осы ауылдың қазір әртарапта тұрып жатқан перзенттері де үлесін қосыпты. Сөйтіп ауыл ортасында балдырғандарға шаттық сыйлаған шағын алаңқай пайда болды.

Шымберген Төлеміс:

Осы алаңның ашылғаны жақсы болды. Мен осында достарыммен келіп ойнаймын. Әткеншек тебемін, карусельде айналамын.

Серғазы Серікбай:

Маған ауыл ұнайды. Ауасы таза. Өзенге түсуге болады. Достарым да көп.

Ауылдың келбетіндей кіреберіске сән берген қақпа да тұрғындар қаржысына тұрғызылған. Бұған дейін хоккей корты, фубол алаңы салынды.

Ғасырсейіт Қоржынбаев, Қарасу ауылының әкімі:

Енді соның нәтижесін көріп жатырмыз. Біздің Жаппасов Мадияр деген оқушымыз футболдан Португалияда өткен балалар чемпионатына қатысып келді.

Бюджет қаржысына мектепке күрделі жөндеу жасалған. Кезекте медициналық мекеме тұр. Жалпы Амангелді ауданында 30 елдімекен болса, соның тең жартысы сапалы ауызсумен қамтылған. Жоспарға сәйкес алдағы екі жылда сапалы су ауданның барлық ауылдарына жеткізілмек.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу