Түркістан облысында пайдаға құныққан жұрт жайылым жерлерге егін салып тастаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында пайдаға құныққан жұрт жайылым жерлерге егін салып тастаған

17.07.2023

Түркістан облысының Ақ қала ауылында пайдаға құныққан жұрт жайылым жерлерге егін салып тастаған. Салдарынан төрт түліктің өрісі тарылды. Диқандықпен заңсыз айналысып жатқандардың кесірі іргедегі көлде балық өсіріп жатқандарға да тиіп отыр. Оралхан Үмбетов көктем шыққалы азын-аулық малын қорадан шығармай бағып отыр. Өйткені төңіректің барлығы егістік. Қазір ауылдағы төрт түлік амалсыз тек көшені ғана төңіректеп жүр. Ауыл іргесіндегі жайылымдық жерге 4 азамат иелік етеді. Олар өздеріне тиесілі телмінің нысаналы мақсатын өзгертпестен былтырдан бері егін салып келеді.

Оралхан Үмбетов, ауыл биі:

4 мыңдай қой, 400 жылқы мен сиыр бар. Бақшаға түссе ұрып өлтіреміз, бұл жерге жайма дейді. Тоғайға түсірсең айыппұл саламын дейді. Сонда ауыл тұрғандары қайда барады?

Ауылдастарының ашынатыны жер иелері топырақтың құнары кеткенше ғана пайдаланады да жайылымды тастап кетеді. Ал жыртылған жерге жусан секілді көпжылдық өсімдіктер мен шөптің қайта шығуы қиын. Былтыр жерге заңсыз соқа салған екі диқанның ісіне тыйым салынған еді. Оған ешкім пысқырмады. Биыл олардың қатары төртеуге жетті.

Ғалымжан Сыпатай, Арыс ауданы әкімдігі жер қатынастары секторының меңгерушісі:

4 азамат жайылым жерді жыртқаны үшін акт түзіп, мамандар тарапынан зерделу жүргізіліп, облыстық жер қатынастары департаментіне шара көру үшін жолданған.

Бұл шаруалар егістікке суды іргедегі Ешкілі көлінен алады. Тұрғындардың айтуынша, 4 жерге қойылған қуатты сорғылар арқылы 150 гектар жерге бау-бақша егілген. Енді жаз ортасында көлде су тартылып, ондағы балықтардың алды қырыла бастады.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Шабақ кезінде тасталған мына балықтарды осы деңгейге жеткізу үшін бір жылдай уақыт кеткен. Тордағы 10 мыңдай балық күніне 70-80 мың теңгенің азығын жейді. Судың тартылғанынан енДі осы кезге дейінгі еңбек еш жұмсалған қаржы желге ұшып отыр.

Есқали Есет, балық өсіруші:

Былтырдан бастап 12 мың балығым өліп қалды. бірінші салған балықтарым судың жетіспегінен қырылды.Артынша 2 айдан соң салдық.Оны қыстатып, енді дәрежесіне келгенде мынадай жағдай. Шетінен қырылып жатыр.

Құзырлы орындар бұл жағдайдан мүлдем хабарсыз болып шықты.

Нұрлыбек Біләлбек, Арыс ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

Арнайы сараптама тағайындап, қорытындысын күтеміз. балық судан уланды ма, әлде қорегінен бе соны анықтап алайық. Сонан соң хабарын айтатын боламыз.

«Ешкілі» көлі кезінде суы тартылып, құрып кететін болғандықтан сенімгерлік басқаруға берілген. Айдындағы тіршілік толық қалпына келмейінше су алынбауы тиіс болатын. Бақылаудың жоқтығынан Арыстағы табиғат осылайша тағылықпен тоналып жатыр.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу