Жеңілдетілген автонесие көліктердің қымбаттауына алып келді - сарапшылар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеңілдетілген автонесие көліктердің қымбаттауына алып келді - сарапшылар

17.07.2023

Жеңілдетілген автонесие көліктердің қымбаттауына алып келді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігі осындай мәлімдеме жасады. Қаржыландырудағы кемшілік автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер арасындағы бәсекелестікті шектеп тастаған дейді бағдарлама тетіктерін зерттеген агенттік өкілдері. Мемлекеттік органның хабарлауынша қаржыландыру көліктердің тиісті саны дайын болмай тұрып жүргізілген. Яғни отандық автоқұрастырушылар халықтың сұранысын қанағаттандыра алмады. Салдарынан көліктің бағасы шарықтап кеткен. Қымбатшылық қарапайым нарық заңына сәйкес болып отыр.

Мақсат Халық, экономист:

Қымбатшылыққа ұрынып жатырмыз. Түптеп келген кезде азаматтарымыздың төлем қабілеттілігі нашарлап жатыр. Түптеп келген кезде азаматтарымыздың қажеттіліктері дұрыс қанағаттандырылмай жатыр. Сондықтан да бұл мәселеге жүйелі түрде келу керек. Қандай да бір бағдарлама жасалған кезде оның экономикалық заңдылықтарына, жалпы ақша-несие саясатының орындалу заңдылықтарына негізделе отырып жасалуы керек деп есептеймін.

Жалпы, жеңілдетілген несиелерден бас тарту жайлы көптен бері айтылып келеді. Өйткені бұл бағдарламалар қысқамерзімді әсер бергенімен нарықта негізсіз сұраныс арттырып, инфляцияны күшейтеді. Сондықтан сарапшылар тұрақты даму үшін экономикаға мемлекеттің араласуын азайту керек дейді. Бұл алғашқы жылдары сұранысты азайтып, халықтың сатып алу қабілетін төмендеткенімен, болашақта нарықта жасанды қымбатшылық туғызбайды дейді мамандар. Яғни инфляция баяулайды деген сөз.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Макроэкономикалық тұрақтылық болмаса экономика дамымайды. Халықтың әл-ауқатын көтеру де мүмкін емес. Әр түрлі экономиканы қолдау бағдарламалары нарықтағы ақша массасын көбейтеді. Бұл жоғары инфляцияға әкеледі. Жоғары инфляция халықтың жиған-тергенін де, күнделікті табысын да құнсыздандырады. Сондықтан бұл бағдарламалардан неғұрлым тезірек шыққан дұрыс.

Серік Селеубай

Хабарламаларға жазылу