Жетісу облысының малшылар қауымы шопандар күнін атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысының малшылар қауымы шопандар күнін атап өтті

17.07.2023

Жетісу облысының малшылар қауымы шопандар күнін атап өтті. Шаған тауының баурайында жыл он екі ай мал соңында жүріп, төрт түлікті еселеген еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. 

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Шопандар тойын бір жылдың есебі деп айтуға болады. Себебі қыстан аман-есен шықты, малын төлдетті, міне жайлауға көшті. Бұл жерде біраз тынығып, қайтадан іске кіріседі. Себебі мал баққанға бітетінін жақсы біледі.

Сондай азаматтардың бірі Қабдолда Жамаубаев. Шопанның ақ таяғы мен жылқышының құрығын қатар ұстағанына 40 жылға жуықтапты. Қазір де Шаған тауының етегінде етті-жүнді бағыттағы меринос тұқымын өсіріп келеді. Қазір жайлауда мың бас қойы жайылып жүр.

Қабдолда Жамаубаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

Атам бақты, әкем бақты. Өзім бақтым. Жүз жылға келіп тұр. Кейіннен енді жылқы сәндік, қой байлық деген бар. Қойға ауысып кеттік. Қойдың шаруасымен ары қарай жүріп жатқан жайымыз бар. Бала-шаға, ағайын туыс бәрін асырап.

Еселі еңбек еленіп, биылғы жылдың үздік шопаны мен бақташысы, түйешісі мен жылқышысы анықталды. Дала төсінде жыл он екі ай жүретін малшы қауымға ең қажет дүние табысталды. Жалпы Көксу ауданында малмен айналысатын ірілі-ұсақты 175 шаруа қожалық тіркелген.

Ділдә Байжарасов, жылқышы:

Баққаннан кейін қиындығы да болады, ауырталығы да болады. жеңілі де болады. Соның бәріне төтеп шыдау керек.

Мерекелік шара ұлттық ойындарға ұласты. Басты талап арқан тартып, күресіп, аударыспақ ойнап, ат жарыстырғандар тек малшы қауымынан болу керек.

Нұргүл Сапақова, ауыл тұрғыны:

Арқан тарту біздің қазақтың дәстүрлі ойыны болғаннан кейін күш сынасып көрейік деп, қатысқанның өзі кәдімгідей әсер береді.

Жайлаудағы бұл той араға 10 жыл салып қайта жаңғырды. Сондықтан да болар малшы қауым бір-бірін қимастықпен тарқасты.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу