Астана маңындағы Кіші Талдыкөлге қатысты мәселе шешімін табар емес. Экологтар су алқабының 70 пайызы жасанды жолмен құрғап қалды деп отыр. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, түрлі нысандар бой көтеріп жатыр. Табиғат жанашырлары 2020-жылдан бері көлді сақтап қаламыз деп, күресіп келеді. Бүгін Жоғарғы сотта осы іске қатысты кезекті сот отырысы өтті.
Экологтар құрғатылған жерлерді қайта қалпына келтіруге болады дейді. Осы арқылы табиғатқа зиян келтірмей, ондағы құстарды да сақтап қалуға мүмкіндік бар. Ал қала әкімдігінің өкілдері Кіші Талдыкөлдің сулы-батпақты жері зиянды заттардан тазартылып, бір бөлігінің суы сақталады деп отыр. Аумағы абаттандырылып, түбі тереңдетіледі. Осылайша бұл жерде қалалықтар мен шаһар қонақтары серуендеп, демалатын орын пайда болмақ.