Қостанай облысы Амангелді ауданында ежелгі сәулет ескерткіштерінің кішірейтілген көшірмелері салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысы Амангелді ауданында ежелгі сәулет ескерткіштерінің кішірейтілген көшірмелері салынып жатыр

20.07.2023

Әлемнің жеті кереметін, енді шекара аспай, өзімізде тамашалайтын күн де алыс емес. Бірнеше ежелгі сәулет ескерткіштерінің бірнеше есе кішірейтілген көшірмелері, Қостанай облысы Амангелді ауданында салынып жатыр. Көпфункционалды туристік кешен болашақта көпшіліктің сүйікті демалыс орнынан айналуы тиіс.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Менің ту сыртымдағы пирамида. Бірақ ол Астанада емес, Аманкелді ауданының орталығында тұр. Бұл жерде Тәж Махал, амфитеатр, сақ моншасы тәрізді бірнеше көне жәдігер болады. Әрине, түпнұсқадан әлденеше есе кіші.

Ежелгі Майя ғибадатханасы салынып бітіпті. Тағы бірнеше нысанның құрылысы аяқталуға таяу. Ал Тәж Махалдың әзірге іргетасы ғана қаланып тұр. Жалпы құны 2 млдр 600 млн теңге тұратын туристік кешен жайлы жергілікті тұрғындардың пікірі әртүрлі. Бірқатары бұл ақшаны желге шашу десе, енді бірі көпшіліктің игілігі үшін жасалып жатқан жұмыс деп бағалайды.

Сағынғали Ахметов, Амангелді ауданының тұрғыны:

Керек емес нәрселеерге салынады ақша. Әлемнің жеті кереметі дейді. Ол біздің ұлттық танымға сай келмейді. Оның орнына ат спортына қажет ипподром неге салмайды? Сол пайдалы ұрпақ тәрбиесіне. Балалар демалатын орындар жоқ.

Жанерке Иманбекова, Амангелді ауданының тұрғыны:

Аудан тұрғындары үшін бұл әдемі киініп шығып, демалып, көңіл көтеріп қайтатын орын деп есептеймін. Сосны бізге де кісілер келеді. Мен осы жерді мақтанып көрсетіп оларды осында апара аламын.

Кешен ауыл сыртында, аумағы 6 гектар жерді алып жатыр. Арқалық – Торғай тас жолының бойында. «Бұл сырттан келетін туристер үшін де қолайлы» дейді аудан басшылары. Мұнда тек ежелгі сәулет ескерткіштері ғана емес, қонақүй, дәмхана, монша тәрізді көпшілікке қызмет көрсететін орындар да болады.

Малшыбай Қаласов, Амангелді ауданы әкімінің орынбасары:

Мына көріп тұрғандарыңыз бассейн. Аржағын істеп кетті, енді бер жағын істейді. Балалардың ойын алаңдары болады. Халық демалатын жер болады бұл жақсы.

Кешеннің құрылысы 2020 жылы басталған. Осы уақытқа дейін жобаға қарастырылған қаржының тең жартысы игеріліпті. Туристік кешен жоспар бойынша 2025 жылы толық салынып бітуі тиіс.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу