Еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласындағы жетістіктеріне Норвегиядағы қандастарымыз марқайып отыр. Өздері де шетелдің озық тәжірибесін ел игілігі үшін кәдеге жаратпақ ниетте. Сондай жанның бірі Гүлім Мұрзақанова. Жоғары дәрежелі дәрігер ана мен бала өлімінің азаюына, Қазақстан медицинасының дамуына атсалыссам дейді.
Гүлімнің Норвегияда тұрғанына биыл 20 жыл. 90-жылдардың соңында Семей медициналық университетін тәмамдап, осында білімін жетілдірмекке келген. Берген университетінің магистратурасын бітіріп, бірден жергілікті ауруханаға жұмысқа қабылданыпты. Білімімен, біліктілігімен көзге түскен жерлесіміз қазір Осло университетінің клиникасында жоғары дәрежелі акушер-гинеколог.
Гүлім Мұрзақанова, Осло университеті ауруханасының жоғары дәрежелі дәрігері:
Науқастар мен дәрігердің арасындағы қатынас бұл жақта өте басқаша. Мен көп нәрсені қайтадан үйренуім керек болды. Осы жердің патшасы болсаң да, еден жуатын адаммен бірге отырасың. Бәрі бір кезекте отырады, бәрі бір дәрігерге кіреді. Емдеген кезде де біз олардың кім екенін, ұлты қандай, жағдайы қандай екенін, қандай жұмыс екеніне қарамаймыз. Бәрін бірқалыпты емдейміз.
Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін. Бабадан қалған осы мақалды Гүлім жадынан шығарған емес. Қазақ, орыс, ағылшын,норвег тілдерінде еркін сөйлейтін білікті маманның ұжымдағы беделі де биік.
Катарина Лайне, Осло университеті ауруханасының босандыру бөлімінің меңгерушісі:
Ол өз ісіне өте жауапты, мықты маман. Акушерлік бөлімдегі ең тәжірибелі дәрігер. Гүліммен 10 жылдан бері бірге жұмыс істеп, әріптес болғанымды мақтан тұтамын.
Норвегиялықтар ұрпағының санасына қазақтың кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсету қасиетін сіңірсек дейді. Ұлттық құндылықтарды еуропалықтарға насихаттап жүрген Гүлімнің көздегені-шетелдің озық тәжірибесін отандық медицинаға енгізу.
Гүлім Мұрзақанова, Осло университеті ауруханасының жоғары дәрежелі дәрігері:
Норвегияда мысалы ана мен бала өлімі ең төменгі дәрежеде дүниежүзі бойынша. Және де босанатын әйелдердің денсаулығы, босанған кездегі көрсеткіштері ең жоғарғы. Мүмкін Норвегияның идеялары, осы жақтың жобалары жақсылығын тигізер ме екен аналық өлімді төмендету үшін.
Ортақ жобаларды жүзеге асыру үшін Гүлім тамызда туған жерге сапарлап, денсаулық сақтау министрлігімен келіссөз жүргізбек. Қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасуға Норвегиялық профессорлар да құлшынып отыр.
Нұрсұлу Қасым