Бюджетті жоспарлау механизмін түбегейлі өзгерту керек - сарапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бюджетті жоспарлау механизмін түбегейлі өзгерту керек - сарапшы

24.07.2023

Бюджетті жоспарлау механизмін түбегейлі өзгерту керек. Отандық сарапшылар осындай ұсыныс айтты. Себебі, бюджет шығыны жыл сайын тоқтаусыз көбейіп келеді. Ал мемлекет кірісі артпаған. Бұл дағдарысқа әкелуі мүмкін дейді олар. Сондықтан, шығындарды қатаң бақылауға алып, контрциклді жүйеге толық ауысу керек дейді мамандар. 

Биыл қаңтардан сәуірге дейін мемлекет 7,8 трлн теңге жұмсаған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 27% көп. 2022 жылы осы уақытта шығын 6,1 трлнды көрсетіп, бір жыл бұрынғыдан 18 пайыз артық болған. Осындай тенденция біраздан бері байқалады. Мамандар бұған бюджеттің дұрыс жоспарланбауы себеп дейді. Сарапшы Айбар Олжайдың пікірінше, кей негізсіз шығындар жыл сайын бекітіліп келеді.

Айбар Олжай, сарапшы:

Кейбір баптары қаншалықты керек? Актуализация деген сөз бар. Бұл қаншалықты керек? Бұл енді керек емес пе деген үлкен келелі жиындар өткізу керек сияқты. Өйткені, бюджеттік бағдарламаның әкімшілері бар. Әр әкімдікте отырған бөлім. Солар жылдан жылға бір екзел кестені ішіндегі сандарын өзгертіп айналдыра береді. Оның ішінде он жыл бұрын керек болған, кәзір керек емес сатып алулар бар.

Биыл ең көп қаражат білім саласына жұмсалған. Бұл салаға 2 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Одан кейінгі орында әлеуметтік және денсаулық сақтау саласы орналасқан. Жалпы бюджет шығындары барлық бағытта өскен. Сарапшылар бұған мемлекеттік органдар жұмысының ашық болмауы себеп екенін айтады.

Мақсат Халық, экономист:

Өңірдің ерекшелігі, өңірдегі қандай-да бір процесстерді дамыту мүмкіндіктері, қандай да бір инфрақұрылымдық жағдайларды жасаудың мүмкіндіктері. Соның бәрі ескеріле отырып бөлініп отыруы керек деп есептеймін. Және бөлінгенде де арнайы цифрлық технологиялар қолданылса, блокчейн технологиясы қолданылса, сонда бюджеттің мөлдірлігі, тазалығы сақталатын болады. Және бөлінген қаражат өзінің мақсатты бөлінген нысанына жеткізілетін болады.

Ал бюджет тапшылығын жою мақсатында алынған мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге 745 млрд теңге жұмсалып отыр. Бұл көрсеткіш те былтырғыдан 40 пайыз өскен. Яғни, шығындардың дұрыс есептелмеуі қарыздың үстіне қарыз жамауға алып келді. Сондықтан мамандар бірауыздан бюджеттің контрциклдық жүйесін енгізу керек дейді.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу