Алматы облысында І Халықаралық туризм және медиа форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында І Халықаралық туризм және медиа форумы өтті

24.07.2023

Жыл басынан бері елімізге 1 жарым млнға тарта турист келді. Тұмса табиғатымен көз тартатын көрікті жерлердің танылуына ақпарат құралдарының қосар үлесі көп. Осы мәселені әлемнің 15 елінен және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 200-ге жуық журналист талқылады. Алматы облысында өткен І Халықаралық туризм және медиа форумы жайында келесі материалда.

Шетелдер мен аймақтардан келген журналистер алдымен Алматы облысындағы Шарын шатқалын, «Көлсай» көлдерін аралады. Қонақтардың сөзінше, Қазақстаннның географиялық жағдайы туристер үшін өте қолайлы.

Алпарслан Ақынжы, Түркия республикасы туризм министрлігінің кеңесшісі:

Бұл біз үшін Атажұрт дейміз. Аталарымыз бұл жайдан Түркияға кеткен. Біз Шарынға бардық. Оларда ыстық. Қазір 2 сағатта бұл жерге келдік. Салқын болды. Мұндай жағдай аз ғана мемлекетте көрінеді.

Шараға қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі медиа мен туризмді бір жерге тоғыстырған мұндай жиын облыстағы туризмнің дамуына септігін тигізетінін жеткізді.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Сұлу жерімізді көрсетіп, әр жердің өзгеше жерін, табиғатын түсіріп, насихаттаған жөн. Осыған байланысты арнайы деректі фильмдер желісін түсіруді жоспарлап отырмыз.

Түркітілдес журналистер қорының басшысы Нәзия Жоямергенқызы Қазақстанның көрікті жерлері көп екенін айтып, журналистерді әлеуметтік желіде көбірек насихаттап, ішкі туризмді дамытуға шақырды. Оның сөзінше, әлемдік туризм пандемиядан кейін қарқынды дамып, былтырғы кіріс 1 трлн АҚШ долларына жеткен.

Алматы облысының басшысы кәсіпкерлер үшін жеңілдіктер барын айтты. Мысалы, туристік нысандар салған, жол бойында сервистік қызмет кәсіп иедеріне шағанның 10%-ын, туристік автобустар сатып алса 25%-ын қайтарып алу механизмі қарастырылған.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу