«KazAID» қазақстандық халықаралық даму агенттігі АҚШ-тың тәжірибесін енгізбек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«KazAID» қазақстандық халықаралық даму агенттігі АҚШ-тың тәжірибесін енгізбек

25.07.2023

«KazAID» қазақстандық халықаралық даму агенттігі АҚШ-тың тәжірибесін жан-жақты зерттеп, озық тәсілдерін енгізбек. Бұл туралы агенттіктің басқарма төрағасы Аркен Арыстанов Вашингтонға барған сапарында айтты. Екі жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған KazAID-тің мақсаты көрші елдерге қолдау көрсету. Сол үшін арнайы қабылданған үш жылдық стратегиялық жоспары бар.

Мәселен, экономикалық және әлеуметтік салаларды жетілдіру бойынша білікті мамандарды тарту арқылы түрлі семинарлар, конференциялар өткізіп, озық тәжірибелермен бөліседі. Оның ішінде Орталық Азиядағы таза су, трансшекаралық сауда сияқты маңызды мәселелерді шешу үшін барлық мүдделі тараптың күш-жігерін үйлестіреді.

Агенттік басшысы Вашингтонға сапары барысында АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің жұмысымен танысып, тәжірибе алмасқан.

Аркен Арыстанов, «КazAID» Халықаралық даму агенттігінің басқарма төрағасы:

Осы сапар барысында біз америкалық агенттіктің өз қызметін қалай жүргізіп, бюджетін қалай жоспарлайтынын сұрап-білдік, жан-жақты зерттедік. Агенттіктің құрылымы қандай және біздің еліміз үшін, әсіресе біздің агенттіктің дамуы үшін қызықты әрі пайдалы нені алуға болады, соны білдік. Мәселен, әлеуметтік жобаны жүзеге асырудың тиімділігін қалай бағалайтыны қызықтырды. Осындай пайдалы тәжірибелерді біз өзімізге енгіземіз.


Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу