Түркістан облысында күдіктіні күшпен мойындатты деген алты полицейге қатысты сот үкімі шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында күдіктіні күшпен мойындатты деген алты полицейге қатысты сот үкімі шықты

26.07.2023

Түркістан облысында күдіктіні күшпен мойындатты деген алты полицейге қатысты сот үкімі шықты. Түркістан қалалық сотының судьясы бес полицейге төрт жылдан жаза тағайындады. Тағы бір тәртіп сақшысы 3,5 жылға сотталды. Барлығы шендерінен айырылып, құқық қорғау орнадарында қызметтен шеттетілді. Жәбірленушілерге моральдық шығын төлеуге міндеттелді. Еске салайық, бір жылға жуық созылған тергеу мен сот отырысы барысында Сауран аудандық полиция бөлімінің алты қызметкеріне екі тұрғынды «мал ұрлығы қылмысын мойындату үшін ұрып-соқты» деген айып тағылған болатын. Күдікті деп танылған екеу тергеуде бір топ тәртіп сақшысы өздері істемеген ұрлықты мойындату үшін ұрып-соғып, басына пакет кигізіп азаптағанын айтқан. Осыдан соң алты қызметкер қамауға алынған еді.

Абай Бекботаев, Түркістан қалалық Сотының судьясы:

ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабының 2-бөлігі, 1-2-тармақтарында және 414-бабында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Үш жылға құқық қорғау органдарында қызметінен айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Сотталғандар жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Дегенмен айыпталушылардың туыстары мен қорғаушылары үкіммен келіспейміз деп отыр. Тергеу мен сот кезінде қылмыстары дәлелін таппады дегендер облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірмек.

Олжас Сүлейменов, адвокат:

Осы уақытқа дейін бұл жерде Қылмыстық процестік кодекстің көптеген заңбұзушылықтары болды. Алдын ала тергеу сотқа дейінгі тергеудің кезінде. Тергеу мерзімдері бұл жерде өтіп кеткен деп санаймыз. Сол себепті аппеляциялық жолмен біз оның барлығын шағым береміз. И алдағы уақытта заңды шешім қабылданады деп санаймыз.

Айнұр Әбілқасымқызы 

Хабарламаларға жазылу