Венчурлық қордағы 10 миллиард теңге қай саланың мамандарына беріледі? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Венчурлық қордағы 10 миллиард теңге қай саланың мамандарына беріледі?

26.07.2023

Ел қазынасының төрттен бір бөлігін қамтып отырған Алматының экономикасын әрі қарай әртараптандыру үшін венчурлық қор биыл өз жұмысын бастайды. Яғни, бұдан былай жергілікті бюджетке кірістің басым бөлігі әдеттегідей көлік, тұрғын үй және сауда секторынан ғана түспейді деген сөз. Жақында жұмысын бастайтын венчурлық қордағы 10 миллиард теңге қай саланың мамандарына беріледі? Тәуекелі жоғары бизнес-жобалардың талаптары қандай?

Венчурлық қордан 5 жыл бұрын 30 мың доллар алып, кассалық аппараттың қызметін телефонның қосымшасы арқылы пайдалануға болатынын арнайы бағдарлама арқылы құрастырған мамандар, дәл сол кезде нарықта бәскелестердің көп болғанын айтады. Жоба топ жармаған, ал ақша желге ұшты. Бірақ, жас мамандар мол тәжірибе жинақтады. Ендігі үміт – сатушысыз шағын дүкендерді ашу. Ол үшін Алматыда іске қосылатын венчурлық қордан қаржылай көмек алуды көздейді.

Ерболат Мәмен, IT компанияның жетекшісі:

Былай қарасақ, мен 5 жыл бұрын бастадым, осындай жобаларды. Жалғастырып келе жатырмын. Көбісі бір жобадан кейін беріліп, басқа салаға өтіп кетеді. Негізі берілмей соңына дейін барса, ол адамдар венчурлық қорға да керек, нарыққа да керек болады.

Иә, венчурлық қор тәуекелі жоғары бизнесті қолдау үшін құрылады. Әдетте, мұндай инновациялық жобалардың 90 пайызы нәтижеге жете алмайды екен. Бірақ, қалған ұтымды бірнеше жобаның өз-ақ, әлемдік нарықты жаулап алуы әбден мүмкін. Сарапшылар бастысы қорды тиімді басқару жөнге қойылса, оның жеміс беретінін айтады.

Мақсат Халық, экономист:

Әрине, 10 миллиард теңге көп емес, алғашқы жоба ретінде жүзеге асуына мүмкіндік береді деп айтуға негіз бар. Осындай кезде екінші деңгейлі банктер, қаржылық институттар, әлемдік қаржылық қорлар, жеке бизнес, жеке сектор, инвесторлардың араласуы өте маңызды. Бір кездері елімізде венчурлық қорлар болды, бірақ жемісін бермеді, өйткені, тиімді менеджмент болмады.

Жергіліктің әкімді қорға құйылатын 10 миллиард теңгенің тең жартысы жеке инвесторлардың қаражаты екенін айтады. Ал қаржылық қолдау көрген кәсіпкерлер міндетті түрде есеп беріп, алған ақшаны қайтарады. Мұндағы басты талаптың идея тек Қазақстанның емес, шетелдің нарығында да сұранысқа ие болуы шарт.

Қайрат Нұрқасымов, қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:

Венчурлық қор креативті индустрияны дамытатын сән және дизайн, киберспорт, айти, музыка және кино сынды салаларды қолдайтын болады. Қыркүйекте қорды басқаратын тәжірибелі халықаралық компания белгіленеді. Ал қазан айында қор толық іске қосылады деп күтіп отырмыз. Бұл бастама Алматы экономикасын әртараптандыруға сеп болмақ.

Әзірге венчурлық қорсыз осы жылдың алғашқы алты айында Алматыға тартылған инвестиция көлемі 604 миллиард теңгеден асты. Қаражаттың басым бөлігі – іскерлердің өз ақшасы. Жыл соңына дейін құны 214 миллиард теңгенің 20 шақты инвестициялық жобасы іске қосылмақ.

Бас-аяғы бір жылдың ішінде Алматыға салынған инвестиция 1,5 триллион теңгеге жетіп қалуы ықтимал. Ал құйылған қаражаттың арқасында 8 мың адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілмек.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу