Астана халықаралық әуежайындағы автотұрақ құны қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана халықаралық әуежайындағы автотұрақ құны қымбаттады

27.07.2023

Астана халықаралық әуежайында автотұрақ ақысының екі есе қымбаттайтынына жолаушылар мен такси жүргізушілері наразы. Ал әуежай әкімшілігі коммуналдық тарифтің көтерілуіне байланысты осындай шешім қабылдауға тура келді дегенді алға тартады. Мұның тағы қандай жанама себебі бар? Айя Мүтәлі тарқатады.

Айя Мүтәлі, тілші:

Біз қазір Астана әуежайына келіп тұрмыз. Мұндағы автотұрақта шамамен 1 сағаттай аялдадық. Енді ақысын төлейік. 1 сағат үшін 100 теңге шықты. Ал бұл тариф келесі айдан бастап, яғни үш күннен кейін екі есе қымбаттап, 200 тг болады.

Ал 15 минут тегін аялдауға болатын жолаққа бір тәулікте үш рет немесе одан да көп кірген жағдайда қосымша 300 теңгеден төленеді. Әуежайға бір күнде бірнеше жолаушы таситын такси жүргізушілері мұны «ақылға сыймайды» деп отыр.

Әуежай қызметі бағаның өсуін коммуналдық тарифтердің көтерілуімен байланыстырды. Яғни автотұрақты жарықтандыру қымбатқа түсуде. Бұдан бөлек, еліміздегі өзге әуежайларда автотұрақ ақысы бұдан да қымбат деп ақталды. Тағы бір себебі – тарифті өсіру арқылы отырғызу-түсіру жолағындағы кептелісті жоямыз деп сендірді.

Тойгүл Жұбанисова, Астана халықаралық әуежайы PR қызметінің басшысы:

Соңғы кездері көліктерін қараусыз қалдыратын және ереже сай емес қалдырып кететін жолаушылардың саны көбейгеннен кейін өзге жолаушыларға қолайсыздық туғызып бізге осындай шағым көп түсті. Сондықтан әкімшілік бағаның құнын қайтадан қарастырып, тарифке бірінші тамыздан бастап өзгерістер енгізіп жатыр.

Ал мәжіліс депутаты Еркін Әбіл бұл әуежай алдындағы кептеліс мәселесін уақытша ғана шешеді дейді. Себебі қалада халық саны күн санап артып келеді. Сондықтан әуежайға тікелей қатынайтын жерүсті метросын тез арада салу қажет деп отыр. Ал тариф мәселесі халықтың күн-күріс деңгейі өспейінше, әрдайым өзекті болады дейді

Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі:

Бағалар қымбат емес, біздің табыстарымыз аз. Жалпы халықтың табыстын көтеру керек. Бізде мәселе сонда ғана шешіледі. Осы мәселені шешпей, біз анау қымбаттап кетті, мынау қымбаттап кетті деп жыл сайын, ай сайын бұл мәселені талқылай береміз.

Ал әуежай қызметі жолаушылар үшін 300 орынға арналған тегін автотұрақтың барын еске салды. Бұл аумақ әуежай кіреберісіне алыс орналасқандықтан жиі бос тұрады екен. Ал көлікті бірнеше күнге қалдыруға тура келсе, 274 орынға арналған жабық әрі ақылы автотұрақты пайдалануға кеңес берді.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу