Алматы жолдарын жөндеу жұмыстары тұрғындар тіршілігіне қалай әсер етіп жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы жолдарын жөндеу жұмыстары тұрғындар тіршілігіне қалай әсер етіп жатыр?

27.07.2023

Алматыдағы ең ірі екі даңғыл- Абай мен Әл-Фарабидің кей учаскелерінде жөндеу әлі жалғасып жатыр. Оған қоса тағы бір ірі көше- Райымбек көшесінің бір бөлігі жабылады. Тұрғындар жыл сайын орталықтағы жолдарды жаңарта бермей, шұрық-тесік болған шеткі аудандардағы көшелерге көңіл бөлінсе дейді. Магистральдағы жөндеу жұмыстары тұрғындар тіршілігі мен жол қозғалысына қалай әсер етіп жатыр?

Жолдардың ахуалына жауап беретін қалалық мобильділік басқармасының мамандары Алатау, Түркісіб, Наурызбай аудандарында жөнделуі немесе асфальт төселуі тиіс көшелердің баршылық екенін жасырмады. Бірақ, бұған қатысты бірқатар кедергі бар дейді.

Көкен Жарқынбек, қалалық Мобильділік басқармасының бас маманы:

Қалалық стандарт деген бар. Инженерлік жұмыстары толық аяқталған жерге. Сондай шағын аудандарға ғана кіріп жатырмыз. Наразылық түсіп жатқан шағын аудандар 90 пайыздай инженерлік құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, су, кәріз жүйесі дегендей немесе енді жоспарланып жатыр. Ал біз ондай шағын аудандарға бірінші асфальт салып кіре алмаймыз.

Биыл қаланың 230 көшесінде орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында 7 магистральді көше бар. Абай мен Әл-Фараби даңғылдарында жөндеу бүгінде 60 процентке аяқталған. Кейбір учаскесі жабық болғандықтан, қала тұрғындарының жүріп-тұруы қиындап, көлік кептелісі қалыптасқан. 20-дан астам қоғамдық көліктің бағыты өзгерген.

Азамат Ешанқұл, қалалық Мобильділік басқармасының бөлім басшысы:

24 шілде Абай даңғылымен жүретін 16 маршрут өзгертілді. Олар: 21, 34 тағысын тағы. Және Әл-Фараби даңғылымен 8 маршрутың бағыты өзгертілді. Олар 128, 62, 38, 43. Халыққа алдын ала әлеуметтік желі арқылы жіберіліп, сосын схемасын ауыстырамыз.

Құзырлы мекемелердің мәліметінше, алдағы күндері Абай мен Әл-Фараби даңғылдарындағы жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерге жол белгілерін сызу жұмыстары басталады. Оған қоса ертеңнен бастап Райымбек даңғылының Байзақов пен Казаков көшелерінің аралық тұсы 1 айға жабық. Өйткені, аталған аумақта жер астындағы жылу құбырлары ауыстырылады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Ресми ақпараттарға сүйенсек Алматыда тіркелген автокөліктердің саны 500 мыңнан асады. Оған тағы сырттан кіріп-шығатын 200 мыңнан астам транспортты қосыңыз. Оқу жылы басталса мегаполистегі көліктердің саны арта түсетіні сөзсіз. Сондықтан тұрғындардың жүріп-тұруын одан сайын қиындатпау үшін әкімдік Әль-Фараби мен Абай даңғылы және Райымбек көшесіндегі жөндеу жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтаймыз деп уәде берді.


Хабарламаларға жазылу