Дүниежүзілік жазғы универсиадада қазақстандық таэквондошы чемпион атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дүниежүзілік жазғы универсиадада қазақстандық таэквондошы чемпион атанды

01.08.2023

Алғашқы алтын қоржында. Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік 31-ші жазғы Универсиадада қазақстандық таэквондошы Рита Бекішева чемпион атанды. Бұған қоса жерлестеріміз кешегі жарыс күннің қортындысы бойынша 3 күміс және 3 қола жүлдеге қол жеткізді. Универсиада 18 спорт түрі бойынша өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы 11 спорт түрінен ел намысын қорғауда. 

Қазақстан студенттер құрамасының сапында 93 спортшымыз бақ сынауда. Олар құрама қоржынына әзірге 1 алтын 5 күміс және 5 қола жүлде салды. Таэквондошылар бәсекесінде сынға түскен Рита Бекішева Универсиада чемпионы атанды. Ол финалға дейін төрт жекпе жек өткізіп, қарсыластарының барлығынан басым түсіп, шешуші кездесуде тайпейліктен айласын асырып, алтыннан алқа тағынды. Бұл Қазақстан құрамасының Универсиададағы алғашқы алтыны.

Сонымен қатар көркем гимнастшы қызымыз Елжана Таниеваның бір өзі 3 жүлде алды. Жекелей жаттығуда доппен және таспамен өнер көрсетуде күміспен күптелсе, шығыршықпен қолаға қол созды. Қазақстандық көрмек гимнастика шеберлерінің универсиада тарихындағы үздік көрсеткіші.

Елжана Таниева, Дүниежүзілік жазғы универсиаданың күміс және қола жүлдегері:

Мен таспамен сәтті өнер көрсеттім деп ойлаймын. Қойылған әдістердің барлығын нақты орындап шықтым. Бірақ төрешілер өкінішке қарай алтын бермеді. Дегенменде үш бірдей жүлде алғаныма қуанышытымын төккен тер зая кеткен жоқ.

Садақшылар бәсекесінде сынға түскен Дина Тұрсынбекте күміс жүлдеге ие болды. Ал дзюдошы Бекарыс Сәдуақас және нысана көздеуден Қазақстан ерлер құрамасы үшінші орыннан көрінді. Студенттер додасы 8 тамызға дейін жалғасады. Бұл сында 113 елден 7 мыңға жуық атлеттер 269 медальдар жиынтығын сарапқа салуда.


Телжан Күдеров


Хабарламаларға жазылу