Ауыл шаруашылығындағы техниканың 76 пайызы тозған. Сондықтан дихандарға жаңа техника қажет. Осылай деген Үкімет басшысы жалпы машина жасау саласындағы өндірісті екі есе арттыру керек деді. Саланы дамыту жайын қараған Үкіметтегі жиында Премьер-министр Әлихан Смайылов осыған қатысты бірқатар тапсырма берді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, соңғы 5 жылда бұл саланың ел экономикасындағы үлесі 1,5 есе артты. Ал өндіріс көлемі 3 есе көбейіп, 3 триллион теңгеге жетіп отыр. Былтыр отандық кәсіпорындарда 100 мыңнан астам авто шығарылған. Десе де, Үкімет басшысы бұл жеткіліксіз дейді. Өйткені ішкі нарықты қамту көрсеткіші небары 13 пайыз. Қалғаны импорт. Ал ауыл шаруашылығы техникаларын шығару көрсеткіші тіпті төмен. Сондықтан шаруалардың тозған трактор мен комбайндарын жаңалауды тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Қазіргі уақытта еліміздің ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозу деңгейі шамамен 76%-ке жетіп отыр. Былтыр отандық кәсіпорындар 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығарды. Бірақ бұл жеткіліксіз. Дихандарға жаңа техника қажет! Сондықтан өндіріс қарқынын арттыру қажет. Ол үшін барлық құралдар мен мүмкіндіктер бар.
Досжан Маратұлы