«Баспанамыз 40 жыл бойы жөндеу көрмей келеді». Осылай деген Тараз тұрғындары тоз-тозы шыққан үйлеріне қала әкімін қонаққа шақырды. 4 қабатты үйдің жертөлесін тізеге жететін су басқан. Салдарынан сыз тартып, түрлі зиянкестер көбейіп кеткен. 130 пәтерлі үйдің қабырғалары жарылып, сыртқы сылақтары да түсіп қалған. Ал басты базыналырының бірі – ыстық судың жоқтығы. Қараусыз қалдық деген тұрғындар талай рет шенеуніктерді шақырып келтіре алмаған. Бұл жолы үйлерінің жұпыны жағдайын көрсету үшін қала әкімін де қонаққа шақырды.
Меруерт Әшімжанова, қала тұрғыны:
Құрт шығып жатыр, құрт шыққаннан кейін болды ғой. Кене, қандала, бүрге дәлізде жүр. Не істейміз біз? Шамамыз жоқ!
«Көп қабатты үйде электр сымдары жиі үзіледі. Тіпті газ құбыры атүсті жалғанып, апатты жағдайда тұр», - дейді бұқара. Қала әкімдігі бұл баспананың ұзақ уақыт бойы жөнделмей тұрғанына тұрғындардың өздерін кінәлі дейді. Себебі олар тұрғын үйді күтіп ұстамаған, әрі пәтерлердің жоспарын өз бетінше өзгертіп тастаған деп отыр. «Ал жөндеу жұмысына шамамен 100 млн теңгеге жуық қаржы керек», - деді.
Қайрат Исмаил, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
Биыл жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленеді. Сөйтіп ол 2024 жылдың бюджетіне енгізіледі. Бұл енді 2024 жылы жөнделетін нысандардың тізімінде.
Данияр Әлімқұл