«Ақкенттегі» тұрғындарды құтқарған түрік құрылысшысы марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ақкенттегі» тұрғындарды құтқарған түрік құрылысшысы марапатталды

04.08.2023

Алматының «Ақкент» тұрғын үй кешеніндегі өрттен 7 адамды кранмен аман-есен алып түскен түркиялық азамат Шүкрю Гюнай марапатталды. Оған Түркияның Алматыдағы Бас консулы алғыс білдірді. Ал апаттан кейін ауруханаға түскендердің басым бөлігі үйлеріне қайтарылды. Қазір 5 адам дәрігерлердің бақылауында. Өмірлеріне қауіп жоқ дейді мамандар.

14 жылдан бері Қазақстанға келіп құрылыс саласында еңбек етіп жүрген түркиялық азамат Шүкрю Гюнай қою түтінге тұншығып жатқандарға көмектесу үшін еш ойланбастан тәуекел еттім дейді. Кранның биіктігі әу баста, 15-ші қабатқа дейін жеткен. Тағы бір қабат жоғары тұрған 3 бала мен олардың анасын құтқару үшін баспалдақты да қойып көріпті. Бірақ бұл тәсілдің тым қауіпті екенін ескерген ол өзі арқанмен адамдарды бір-бірден алып түскен.

Шүкрю Гюнай, құрылысшы:

Мен қолмен 16-қабатқа шықтым. 3-4 дос бала көмектесті. Төнше жағдайлар министрлігінен де болды. Рахмет. 16-қабатта 3 бала, бір әйел адам, ал 15-қабатта 2 жас жігіт және аналары бірге болды. Бұл бізді мақтасын деп жасаған нәрсе емес. Ондай есімізге келмеді. Қазір де есімізге келмей жатыр. Менің орнымда кім болса да, солай көмектеседі.

Апаттан кейін зардап шеккен 49 адамның қазір бесеуі ауруханада. Оның екеуі ересек, үшеуі бала. Мамандар олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.

Ләйлә Иманғалиева, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

Екі ересек адам бөлімшеде. Жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты. Балалардың да жағдайы тұрақты. Жансақтау бөлімінде және аппаратта жатқан жағдайы ауыр балалар жоқ.

Ал өрттің неден шыққаны әзір белгісіз. Тексеру жүріп жатыр. Алдын ала болжам кабель шахтасынан тұтануы мүмкін. Осыны негізге алған жауаптылар қазір қаладағы барлық тұрғын үй кешендерін жіті тексеруге кірісіпті.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу