Түркістан облысының тұрғындары демалыс аймағы басшылығынан ағын суды бөгемеуді талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының тұрғындары демалыс аймағы басшылығынан ағын суды бөгемеуді талап етті

10.08.2023

Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы алты бірдей ауылдың тұрғындары демалыс аймағын салған кәсіпкерлік нысанның кесірінен ағын сусыз қалдық дейді. Айтуларынша бастапқыда балық шаруашылығымен айналысамын деген компания бертін келе бассейндер салып, екі арықтың суы мен бұлақ көздерін бітеп тастаған. Төзімі таусылған тұрғындар бүгін Шымкент қаласы аумағындағы демалыс аймағы басшылығынан ағын суды бөгемеуді талап етті.

Шымкенттің іргесіндегі Қайнар ауылында тұратын шаруа Мұқан Жанғабылов 30 гектар жеріне қарбыз еккен. Алайда әр гектарынан елу тонна өнім аламын деген үміті су сепкендей басылған. Себебі егістігіне дер кезінде су жеткізе алмай, солып қалған.

Мұқан Жанқабылов, шаруа:

Су сұрап барғанбыз анау бас жағына. Олар бір күн берді да, қайтып бермей қойды суды. Жауып қойды. 15 млн қаражат жұмсадық. Ақшасын шығара алмай қалдық. Енді қалай өтерімізді білмей жатырмыз.

Жергілікті халықтың сөзінше, кәсіпкерлік нысан қожайындары ернеуінен асып ағатын суды кемітіп қана қоймай, үстінен бассейндер мен демалыс орнын салып тастаған. Бұлақ суы аздай, кәріз суын да кәдесіне жаратуда дейді. Енді соның салдарынан 2 мыңнан астам алқап қурауға айналды деп жыларман халде.

Оразбай Жабаев, Қайнар ауылының тұрғыны:

Сіз тұрған жердің барлығы бұлақ мына жердің бәрі. Соның бәрін кірпішпен, таспен жауып тастап, елге су бармай қалды. Бір адам байып жатыр, мыңдаған адамдар судың кесірінен ешбір жұмыс істемей жатыр.

Ашуға булыққан халық бүгін демалыс аймағына барып, бұлақтардың көзін ашу мен екі арықтың суын бөгегенді тоқтатсын деп талап етті.

Ал демалыс орнының өкілдері жұртшылықты тіршілік көзінен қысып жатқан жоқпыз деп ақталды.

Әлия Аралбаева, кәсіпкерлік нысанының заңгері:

Мынау су бізге де кетіп жатқан, сендерге де кетіп жатқан. Оны ұстай алмаймыз. Оны дебеті бар. Егер біз оны ұстайтын болсақ, мынаның бәрі теңіз болып қалады.

Өзекті мәселеден Ордабасы ауданының әкімдігі де хабардар. Тіпті, құзырлы мекемелердің тексеруіне қолқа салып, хат та жазғандарын айтады.

Қыдырбай Сейітқұл, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары:

Бұл бағытта біз осыған нақты іс-шара керек деп Арал-Сырдария бассейніне, Экология департаментіне және Шымкент қаласының жер қатынастарына хат жазғанбыз. Бірақ біз нақты жауабын алған жоқпыз.

Бұлақ көздерін тексеруге құқылы инспекция арнайы рұқсат алғанымен түрлі түйткілдерге тап болдық деп отыр. Яғни кәсіпкерлік нысанның жері бір емес, оннан аса мекемеге тіркелген.

Күлән Қожамқұлова, Су ресурстары комитеті Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары:

Олардың айлакерлігін байқадыңыз ба? 11 адамның атында 11 мемлекеттік актісі бар екен. Сөйтіп, былтыр оның түбіне жете алмадық. Сосын Рауан Ранчтың тексерісін жаптық. Сөйтіп, ақыры ештеңені дәлелдей алмадық.

Дегенмен инспекция өкілдері жер актілерін түгендеп, тұрғындар арызданса, тексеруді қайта бастаймыз деп отыр. Ал оған дейін шаруаларға сусыз отырудан басқа амал жоқ.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу