Қырғыз елі Қазақстанға су беруді тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғыз елі Қазақстанға су беруді тоқтатты

11.08.2023

Қырғыз елі Қазақстанға су беруді тоқтатты. Салдарынан Жамбылда ағын судың мөлшері соңғы 50 жылда болмаған деңгейге түсті. Әсіресе, қордайлық шаруалар қатты қиналып отыр. Ауданда Испаниядан келген мамандар алғаш рет күнбағыс еккен болатын. Судың жоқтығынан 130 гектар аумақ қурап қалды.

Қордайда 130 гектарға шемішке екен шетелдіктер шырылдап қалды. Сарыбұлақ ауылына жақын алқапқа күнбағыс еккен шаруалар ағын судан тапшылық көргендерін айтады. Өзге елдің технологиясымен егілген майлы дақыл ел нарығына жетпей-ақ, егіс басында қурап қалды.

Евгений Трубников, шаруа қожалығының басшысы:

Күнбағыс дәнін егу барысында барлығын технология тәртіппен жасадық. Бірақ соңғы бір айда су келмей, еңбегіміз еш кетіп отыр. Енді бәрі кеш. Қанша суарсақ та алқапты жайқалту мүмкін емес. Шығынымыз 150 млн теңге.

Қордайда ағын судың азабын тартқан дихандар 400-ге жетіп жығылады. Шығынға батқан шаруалар мал азығы үшін де алаңдайды. Сондықтан төрт-түлігін сатып құтылғысы келеді.

Нұрлан Нармашев, шаруа:

1-2 жыл шөпсіз тағы отырамыз. Сондықтан біз мал шаруашылығымен толықтай сойып, бірнәрсе қылып құтыламыз. Себебі қыстан шығара алмаймыз.

Қордай ауданының әкімі 5 800 гектар алқап қурап жатқанын айтты. Бірақ жоғары жаққа мұң шағып, 12 жыл бойы су қоймасын салдыра алмай келеміз дейді. Ал Жамбылға жұмыс сапарымен келген Экология министрінің орынбасары Ырғайты және Қалғұтты су қоймалары салынатынын жеткізді.

Ғалидулла Азидуллин, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

Бұл екі су қойма толықтай қырғыз тарапынан келетін суға тәуелділігімізді жоймайды. Дегенмен де көктем, жаз мезгілінде су тапшылығы кезінде қосымша су беретін мүмкіндік болады.

Су қоймаларының құрылысы келесі жылы басталмақ. Ал Жамбылдың суына жауапты инспекция көршіден келетін ағын су жылдан жылға азая беретінін айтады. Шарт бойынша қырғыздар жылына 520 млн текше метр су берсе, алда бұл 330 млн шамасында ғана болмақ.

Гүлмира Имашева, Шу-Талас бассейні инспекциясының басшысы:

50 жылда осындай нәрсе 7 тамыздан Қазақстанға «Киров» су қоймасынан су тасталмауы бірінші рет болып отыр. Қатты құрғақшылық, өте қатты. Суды үнемдеуіміз керек. Тамшылатып суару болу керек.

Ал аймаққа Шу, Талас өзендері арқылы қырғыздың «Орта тоқай» және «Киров» су қоймасынан су келеді . Бірақ 550 млн текше метр су сиятын «Кировта» бүгінде 31, ал «Орта тоқайда» 8 млн текше метр су қалған.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Мына мен тұрған маң «Талас» су торабы. Осында жинақталған ағын суды аудандарға ағызып, босатады. Бірақ биыл су деңгейі өте төмен. Секундына 6 текше метр ғана су ағуда. Ал былтыр дәл осы уақытта 30 текше метр су жататын. Ағын су тапшылығына тау мұздықтардың ерімеуі себеп. Сондықтан дихандар арық-атыздың бойында жиналған қалдық суларды пайдалануға мәжбүр.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу