Елде құрастыралатын әуе кемесінің мүмкіндігі артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде құрастыралатын әуе кемесінің мүмкіндігі артты

11.08.2023

Елімізде құрастыралатын әуе кемесінің мүмкіндігі артты. Бұрын тек Қорғаныс саласының қажетіне жарайтын техниканы мамандар өзге де бағытта тиімді пайдаланбақ. Өнертапқыштардың мұндай озық идеясы мемлекет тарапынан қолдау тапты. Грант бөлініп, жоба іске асқан. Отандық ғалымдардың жұмысы таныстырылған шарада шағын авиацияны одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Қуан Нұрақын, тілші:

Қазақстанда жасалған бұл ұшақты ауылшаруашылық саласында, барлау қызметі сияқты бірнеше бағытта пайдалануға болады. Сыйымдылығы 4 адамға шақталған. 690 келі жүк көтере алады. Тағы бір ерекшелігі сағатына небәрі 30 литр жанармай жағады.

Ұшақ оқу-тактикалық мақсатта пайдалану үшін Қорғаныс министрлігі Солтүстік әскери округінің сараптамасынан өткен. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Академиясы әуе кемесін шекарада барлау ұшағы ретінде зерттеу жүргізген.

Дәурен Уәлиев, ұшақты құрастырушы:

Ұшақ мың шақырымға дейін ұша алады. 4,5 мың метрге дейін биіктікке көтеріледі. Кәдімгі автомобиль бензинімен ұшады. Қарапайым үлгіде құрастырылған.

Бұдан өзге көрмеге отандық ғалымдар құрастырған ұшқышсыз ұшатын аппараттар қойылды. Кейбірі бес жарым сағат әуеде қалықтаса, арасында 15 мың шақырымға дейін ұшатындары да бар. Өнертапқыштардың мұндай жұмыстарына қолдау көрсетіледі дейді ұйымдастырушылар.

Руслан Нұрлыбаев, ҚР Президенті жанындағы қр ұлттық ғылым академиясының департамент директоры:

Барынша, жан-жақты олардың жұмыстарын өндіріске енгізу және өндіріспен байланыс жасау, өңірлерге енгізу мәселелесінде жұмыс жасайтын боламыз.

Жиынға қатысушылар ауыл, орман шаруашылықтарында, медицинада, түрлі іздестіру-құтқару шараларында және төтенше жағдайларда ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану маңыздылығын талқылады. Әсіресе балық шаруашылығында дрондардың көмегі көп тиеді дейді мамандар.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу