Қызылорда облысында жыл соңына дейін 26 көпқабатты үй мен 62 әлеуметтік нысан салынып, ел игілігіне берілмек. Осы салада жүздеген жан аянбай тер төгіп жүр. Құрылысшылар күнінде еңбек адамына құрмет көрсетілді.
Құрылыс саласында 15 жыл еңбек еткен Асылбек Қалышев өңірдегі жүздеген нысанның сапалы салынуына үлес қосқан маман. Қарапайым кірпіш қалаушы болып еңбек жолын бастаған ол қазір осы саланың нағыз майталманы. Сапаға жауапты. Құрылысшылар күнінде еңбегімен еленген жандар марапатталды.
Асылбек Қалышев, құрылысшы:
15 жыл бойы өзіміздің жас мамандарды тәрбиелеп, сол салада келе жатырмыз. Қызылорда облысында қандай құрылыс бар, азаматтық құрылыс дейміз, көпірлер дейміз, жол құрылысы – бәрі біздің мекемемізге тиісті. Біздің басты мақсатымыз – сапалы құрылыс өткізу, елдің игілігіне. Халық мықты болсын, берекелі-ынтымақты болсын. Біз халық үшін сапалы еңбек етеміз.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына құрылысшылардың қосқан еңбегі өлшеусіз. Қазір облыста 150 нысан салынып жатыр. Жыл соңына дейін 26 көп қабатты тұрғын үй мен 62 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталмақ. Былтырға қарағанда өңірде құрылыс қарқыны 3 есеге артқан.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
Құрметті құрылысшылар, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, құт-береке тілеймін!
Мерекелік шарада күй ойналып, ән әуеледі. Еңбек адамына деген құрмет жалпыхалықтық мерекеге айналды.