Түркістанда жеделсаты құлап, 75 жастағы кейуана көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда жеделсаты құлап, 75 жастағы кейуана көз жұмды

14.08.2023

Түркістан қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде жеделсаты құлап, 75 жастағы зейнеткер қайтыс болды. Тұрғындар мұндағы лифтінің бір жылдан бері жиі бұзылғанын айтады. Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Қайғылы жағдай кеше кешкісін алтылар шамасында болған. Үшінші қабатта тұратын әжей лифтті шақырып, жоғары көтерілмек болады. Сол кезде жеделсаты төменге құлдилап кетіп, кейуана ауыр жарақат алған. Оқыс оқиғадан кейін жеделсаты істемей тұр.

Кейуананың құлағанын көрген көршісі Римма Сапарбаева дереу жедел жәрдем шақыртқан. Алайда дәрігерлер келгенімен лифтіні аша алмаған. Бір сағаттан аса уақыт өткенде төтенше жағдайлар қызметкерлері келіп, әжейді әрең шығарып алған. Ал жеделсатының істемей тұрғаны жөнінде ешбір ескерту белгілері болмады дейді тұрғындар.

Римма Сапарбаева, қала тұрғыны:

Апа мен көрген кезде жерде жатыр. Мына есік ашық тұр. Бірақ мұның миын алып кеткенбіз, істемейді дейді бізге. Ол істемесе, мына есікті тарту үшін екі-үш ер азамат болмаса, аша алмайды. Ол апа аша алмайды. Ол жабық болса, апа қалай түсіп кетті ішіне.

Зейнеткерді ауруханаға жеткізгенімен аман алып қалу мүмкін болмаған. Жансақтау бөлімінде жан тәсілім етті. Лифтіге жауаптылар сол кезде ғана ауруханада қара көрсетті дейді көршілері. Қайғылы оқиғадан кейін жеделсатыға жолаудан қалған жұрт үрей құшағында.

Гүлжан Есенқұлова, қала тұрғыны:

Анам өзі жүрекпен есепте тұрады. Яғни бірінші этаждан мінгенде, бесінші этажда қамалып қалды. Есік ашылмады. Домком өзі лифт жөндейтіндерге хабарласса, олар келмеді. Сөйтіп анамның жүрегі ұстап, жедел жәрдем қызметін шақырдық. Лифт жөндейтіндерден де ешкім келмеді. Екі сағаттан соң бір-ақ келді.

Ал жауаптылардың сөзінше тұрғын үй салынғанда жеделсаты «Түркістан лифт» компаниясына қарасты болған. Кейін басқаға өткен. Жауапты тұлғалар тілішілермен тілдеспеді. Түркістан қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы болса, лифттің істемей тұрғанын жауапты мекеме WhatsApp желісі арқылы хабарлаған деп отыр. Қызметтің сапасын бақылау тұрғындардың өздеріне жүктелгенін айтады.

Талғат Үсенбаев, қалалық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Домкомның өзі лифтімен және ПИК-пен басқа да қызмет көрсетуші мекемелермен келісімшартқа тұратын. Тұрғындардың өздері келісімшартқа тұрады. Және қандай да бір кемшіліктер болатын болса, сол қызмет көрсетуші мекемеге хабарлама беріп, сол арқылы қалпына келтіріп жүруі керек.

Қазір бұл оқиға бойынша Түркістан қалалық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлады. Сондай-ақ тұрғын үйдің техникалық жағдайы мен жеделсатысы қашаннан бері жұмыс істемей тұрғаны да жіті тексеріліп жатыр.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу