АҚШ билігі Қазақстанға шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтаруға көмек береді. Бұл жайлы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров мәлімдеді. Ақ үй мен Конгресс өкілдері еліміздің сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы қадамдарын оң бағалаған.
Қазақстан мен АҚШ сыбайлас жемқорлықпен күресте өзара байланысты тереңдетуге мүдделі. Оның ішінде заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару ісіне Америка тарапы көмек қолын созып, өз тәжірибелерімен бөлісуге әзір.
Қайрат Омаров, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:
Америкада бұл мәселе өте өзекті. Олар мұндай заңсыз әрекетпен әлем бойынша күресіп жатыр. Сондықтан қазақстанның бұл бағыттағы қадамын құптап отыр. Бізге заңсыз шығарылған активтерді қайтарудың заңды тетіктерін ретке келтіру керек болды. Америка тарапы бұл мәселеде бізбен тығыз жұмыс істеуге дайын. Әрі біздің өтінішіміз бойынша қол ұшын созады.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
АҚШ-тың салықтан жалтарумен күресте, заңсыз табысты әшкерелеу ісінде тәжірибесі мол. Тіпті, қайбір жылдары мыңдаған азаматының швейцариялық банктердегі есеп шоттарын аштыртып, миллиардтаған доллар салықты қайта төлеткен еді.
Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы:
Осы заңды дайындағанда АҚШ-тың тәжірибесін, мына азаматтық тәркілеу тәжірибесін жақсылап зерделегенбіз. Сондықтан бұл мәселе азаматтық тәркілеу деген оларға таныс нәрсе. Сондықтан да олар өте жақсы қолдап жатыр.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Конгресс қазір де заңсыз ақшаны жылыстатуға қарсы белсенді күрес жүргізіп жатыр. Бұл олардың сайлау алды бағдарламасындағы негізгі міндеттердің бірі. Заң шығару бағытындағы байланыстарды тереңдету үшін екі жақ парламентаралық достық тобының құрамын ұлғайтпақ. Қазір оның сапында АҚШ тарапынан бес конгрессмен болса, алдағы уақытта саны екі есе өспек.