Көкшетауда 500 мың теңге табыс тауып жүрген жас бақташы тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда 500 мың теңге табыс тауып жүрген жас бақташы тұрады

16.08.2023

Көкшетаулық студент жаз бойы табын-табын сиырды алдына салып, айына 500 мың теңге табыс тауып жүр. Солтүстік Қазақстан облысындағы Сырымбет ауылының тумасы Айдос Тұрғын бала кезінен жылқыны тізгіндеп, төрт түлікті түгендеп өскен. Қазір қалаға оқуға түссе де, ауылдан шыққысы жоқ. Кейінгі кездері жайлауда жүрген 18 жасар бақташының фотосуреттері әлеуметтік желіде кеңінен тарап, көпшілік қызығушылығын арттыра түсті.

Күні-түні жайлаудан шықпайтын Айдостың күнделікті тірлігі осы. Ол 14 жасынан бері аттан түспей мал бағып келеді. Сондықтан ауыл тұрғындары оған 250 бас сиырын еш қорықпай тапсырып, айына әр басқа екі мың теңге төлейтін көрінеді. Бақташы жігіт отыз күнде жарты миллион теңге табыс табады.

Айдос Тұрғын, бақташы:

Күнде таңертен таңғы алтыда тұрамын. Жылқыға суын, шөбін беріп, басын тазалап, бәрін даярлаймын. Ерін кигіземін. Сосын бәрі дайын болған соң ауылдың кісілері жылқыларын, сиырларын жайлауға шығарады. Мен барлығын жинап, жайлауға алып кетемін.

Қазір Айдос Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде білім алады. Мамандығы-тау-кен ісі. Сабақтан босай сала, ауылға қарай асығатын ол атты тізгіндеп, жайлауда шапқанға не жетсін дейді.

Айдосқа зеңгі бабаның бабын табуды әкесі үйреткен. Ол да мал шаруашылығымен айналысады.

Дәулет Баймұқанов, әкесі:

Жыл сайын осы мал бағу қиын болып барады. Малшылар болмайды. Табу қиын. Мына мал бағу негізі нағыз жастардың жұмысы. Міне, Айдос осы ауылдың малын бағып жатыр. Оңай емес. Қиын. Шаршап барады үйге, шаршап келеді.

Бозбала бала кезінен ауылдың тыныс-тіршілігімен етене таныс. Ол үшін табындағы әр түліктің орны бөлек. Себебі бұзау кезінен өрісте өзі өсірген.

Айдос Тұрғын, бақташы:

Малшы болып жұмыс істеген үйренген адамға ауылда тұрып, мал ұстап үйренген адамға қиындық тудырмайды. Былай жұмыстың оңайы болмайды ғой. Үйрене білу керек, жұмыс істей білу керек. Осылай жазда жылда жұмыс істейміз. Қалаға барғанда студентпіз ғой. Қалаға барғанда ақша керек дегендей.

Айдос болашақта мал шаруашылығымен айналысып жеке кәсіп ашқысы келеді. Осылайша ол туып-өскен ауылын көркейтіп, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерді жұмыспен қамтуды көздеп отыр.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу